Өлеңдер ✍️

  17.09.2022
  191


Автор: Ақылбек Манабаев

САРЫАРҚА

Күйші ата тұрды жалғыз дөңге шығып,
Алдында дала жатыр кең көсіліп.
Төсінде Сарыарқаның сағым қалқып,
Барады қаңбақтарды жел көшіріп.
Бөктерде қалың бұта, қарағандар,
Ойнақ сап белден асып барады аңдар.
Аралар ызыңдайды гүлге қонып,
Тіршілік таңдайынан жалаған бал.
Шаншылған көкке сонау дара шыңды,
Ақ бұлттар аймалап жүр бала сынды.
«Туған жер табиғаты түсірдің-ау,
Есіме қайран менің анашымды..»
Тереңнен әлде бір үн сыбырлайды,
Жүректе сезім баяу шымырлайды.
Қазақтар самал желге басын иіп,
Арқаның мұңды сырын ыңылдайды.
Ұялап жанарына қиырдағы,-
Құстардың көкірекке құйылды әні.
Бұлақтың бүлкіл қаққан көмейінде,
Жатқандай дір-дір етіп күй ырғағы...
«Көненің көлеңкесі Нарындағы,
Гүліме күн түсірмей бағымдағы,
Санамды сарғайтатын салмақ салып,
Сағымды сындырмақ боп арындады.
Сұлтанның сұмдығына төзбедім мен,
Өлтірдім төрені де сөздеріммен.
Аспаныңды құбыла қып бет түзедім,
Сен барда нұр тілеймін өзге кімнен.
Қанша ай, қанша күнді түзде өткердім,
Шаршадым, жалын жұтып, мұз бөктердім.
Төсіңе аунап, мауқымды басайын деп,
Алыстан ат сабылтып іздеп келдім.
Сарыарқам, айналайын ақ бесігім,
Аңыз боп жүрегімде жатты есімің.
Толқындата қозғайын енді соны,
Құлақ түр де, өзің айт, нақ кесімін!»
Ұлы адам осылайша толғанады,
Қырандай қос топшысын қомданады.
Оянып жүрегінен жаңа бір саз,
Шекті жайлап ғана қол қағады.
Атойлап дүбірі ме шапқан аттың,
Түйіскен сыңғыры ма сап болаттың.
Ерлердің қиқулаған ұраны ма,
Зулаған жебесі ме ақ садақтың.
Жорықтар дабылының отты үні ме,
Дауылдай қалың қолдың екпіні ме?
Әйтеуір дала төсін дүр сілкініп,
Төңірек күңіреніп кетті міне.
Кенеттен теңселткендей тыншу көкті,
Алыстан сарын болып бір шу жетті.
Қиялы бабамыздың осы сәтте,
Алдына тарта қойды бір суретті...
Мұнартқан көкжиектің астын керіп,
Бір толқын келе жатыр тасқын болып,
Құйындай көтерілді жерден тозаң,
Жотасын қыраттардың тас-құм көміп.
Ашынған халықтың көп қыз-ұлдары-ау,
Бәрінің жалындайды жүзінде алау.
Сахара аспанында қанат қағып,
Шалқып бір оттай жайнап жүрді жалау.
Оқ күркіреп, қылыштар жарқылдайды.
Тасты уатып тұяқтар сартылдайды.
Әлде кім Махамбетше өлең толғап,
Өр дауыспен қырандай саңқылдайды,
«Түңлігін қара бұлттың айқара ашып,
Таң келеді түнекпенен тайталасып,
О, жұртым мауқымыңды бас, жасыңды тый.
Күн алдынан гүл болып жайқала шық...
Тайсалма тырнағынан тағы күштің,
Азаттық ал, бақыт балын қанып ішкін!..»
Осынау арманынан атамыздың,
Лап етті әуені сағыныштың.
Өткендей өрт жүзіне таң бір аунап,
Сол әуен бара жатыр жанды баурап,
Күй болып жанарынан жалғыз тамшы,
Төсіне Сарыарқаның тамды лаулап.
Пәк самал әкетті оны ала қашып,
Желпінді кеудесіне дала басып.
Еліктің гимні боп қалды сол күй,
Қанына өр қазақтың араласып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу