Өлеңдер ✍️
ҚАСҚЫР СОҚҚАН БАЛА
Таңдаулы шопан Таушаны,
Жас жігіттей қауқары,
Деп атайтын ауылы
Ақсуаттың дәу шалы.
Өрісі жайлау — кең тұрақ,
Немересін ертіа ап,
Ұқтыратын жалықпай,
Қиылса егер жөн сұрап.
Мініп ап шопан құла атын
үнемі дайын тұратын,
Немересін кей күні,
Өріске ертіп шығатын.
— Бағала, қалқам, еңбекті,
Өгерткен сол жер-көкті, -
Деп немере көңілін
Еңбекке баулып тербетті.
Ата сөзін құп алып,
Жақсылығын мұра ғып.
Атанып еді Сайлаубек
Еңбекті сүйген ұл анық.
Атасы оған сенетін,
Сөзіне көңіл бөлетін.
— Өзің бақ,- деп отарды,
Алдына салып беретін.
Жаздың жарқын күні еді
Сайлаубек — қыр түлегі,
Соныға жайып қойларын,
Өрістетіп жүреді.
Күн бұлттанып кенеттен,
Соқты-ай бір дауыл-жел өктем,
От-найзағай жарқылдап,
Құйды жаңбыр шелектеп.
Сайлаубек сергек, сақ бірақ,
Қамшылап атын қаттырақ.
Ыға берген отарды,
Шырқ иірді қамшылап.
Найзағай қатты күркіреп,
Жібергенде бүркіп от.
Алдындағы қойлары,
Бөліне қашты дүркіреп.
Алдыда биік дөң бар-ды,
Бір жағы өзен кең жарлы.
Сол жардан қарғи ұмтылған,
Көрді үлкен көкжалды.
Ештеңеден жасқанабй,
Жоғары шапшып аспандай.
Бір қойды келе-ақ жұлмалап,
Бас салды жалмап тастардай.
Ыңғайлап қайың шоқпарды,
Тасалап барып шоқ талды.
Дәл тұмсықтан қасқырды,
Оңдырмай қатты соққан-ды.
Билеп алған кек мұны,
Тым қатты еді екпіні,
Көкжал қалды домалап,
Көтере алмай соққыны.
Істей алмай қарсылық,
Тұмсығы мүлде жаншылып.
Сұлап жатқан көкжалды,
Аузынан қызыл қан шығып.
Тағы бір соғып өтті енді,
Ызаланып кектенді,
Сөйтіп тапқан «олжасын»
Қанжығаға бөктерді.
Ауылға кешке келгенде,
Қасқырды өлі көргенде.
Риза болды атасы,
Бас, деп қалқам енді өрге.
Өз құрбысы қатарлы,
Еңбектен бастап сапарды.
Қасқыр соққан сол бала,
Бұл күнде ер атанды...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter