Өлеңдер ✍️
Қозы маңырап, боталары боздаған...
Қозы маңырап, боталары боздаған,
Ойхой, менің боз торғайлы боз далам.
Аласапран ғасырлардың тұяғы,
Таптаса да, жасыл көркің тозбаған.
Махамбеті алдаспанын қайраған,
Күләштары бұлбұл болып сайраған,
Кектен туған Құрманғазы күйлері
Көбік шашып дауылменен ойнаған.
Шалқып аққан Ертісі мен Есілі,
Ойхой, менің далам – ырыс бесігі.
Аңыз болып әлемге тараған
Абай мен Мұхтарыңның есімі.
Дән тасытып, мыңғыртып мал айдаған,
Ойхой, менің берекелі бай далам.
Топырағыңның түгін тартса май шығып,
Төрт түлігің семіздіктен шайлаған.
Кезсем-дағы алқаптарды бай не бір,
Көре алмадым, далам, сендей жайлы өңір,
Көтереді әлі талай даңқыңды
Космосқа старт берген Байқоңыр.
Қозы маңырап, боталары боздаған,
Ойхой, менің боз торғайлы, боз далам.
Сенің шалқар, шарапатты шапағың
Жалын құйып, шабытымды қозғаған.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter