Өлеңдер ✍️
«ӘУЛИЕ БҰЛАҚ»
Сәлем жолдап самала таң атынан,
Жан-жағына ғажайып таратып ән,
Тұнығыңа құлайды
Нәзік сәуле,
Сырғып түсіп
Алтын күн қанатынан...
Өзің жайлы
Өзгеден білері көп,
Құз-таулар да
Саған бас иеді кеп.
Көпті көрген
Шежіре халқым сені
Атады екен неліктен
«Киелі» деп?
Әлде олардың
Тым ұшқыр қиялынан
Айналдың ба
«Әулие бұлағына»?
Сырыңа тек
Өзіңмен бір жасаған
Мәңгі жасыл шыршалар куә мына...
Жергілікті халық
Бас иеді шын,
Қасиетің бар қандай,
Киелі су?
Күллі дерттің
Уытын қайтара алар
Шипалы бір дәруге иемісің?..
Жаза аласың
Жүректің дертін қандай?
Лаулатасың
Жүректің өртін қандай?
Сан сауалдар
Санамда өре тұрып,
Құштарлыққа бой ұрдым
Еркім қалмай...
"Мың сұраққа
Бір жауап берермісің?" –
Деп тұрғанда
Қызыққа кенелдім шын...
Қиялыма
Ғайыптан қанат бітіп,
Құдіретіңнің
Таныттың ерен күшін.
Жанарыма көшіріп толқыныңды,
Жасыра алмай қарадым толқуымды.
Бір ғажайып әлемге жетеледің,
Сылқ-сылқ күліп,
Бұлағым,
Шолпыл үнді...
Өтпеуі үшін мақсатсыз бекер күнім,
Үмітімнің жалауын көтер бүгін!
Шабытымның бастауын
Сенен алдым,
Рас болды-ау,
«Киелі» екендігің...
Есіме алып жүрейін
Жиі дәйім,
Бастауыңа
Жыр болып құйылайын.
Батаңды бер,
Әулием!
Аттанарда
Суыңды ішіп,
Саған мен сыйынайын!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter