Өлеңдер ✍️

  17.09.2022
  125


Автор: Танакөз Толқынқызы

Күз мені сатып кеткен сияқты

Күз мені сатып кеткен сияқты
Арлана берем қорлана.
Алдама мені көктем сияқты
Түзетер мені сор ғана.
Мен жүрген жерде тозақ жүреді,
Өйткені ол менің ішімде.
Сүю бар жерде азап жүреді
Тәңірді ұмытпау үшін де.
Сағынбас енді қыркүйек мені
Іздемес енді қараша.
Өлеңім ғана жүр сүйеп мені
Өлімнен сұрап араша.
Көргенде көңілім босайды неге?
Неге ауырады бұл жүрек?
Жек көріп кеттім осы айды неге?
Неге дүр жаным жүр жүдеп?
Көптің ішінде жалғыз қалғаның


Түк емес екен жас іреп.
Жалғыздығыңда – жалбыз арманың
Көпшіл көріну қасірет.
Іздейді мендей әр өлең сені
Ғұмырда келмес күрмеуге.
Тастап кеткендей бар әлем мені
Ұлиды неге бұл кеуде?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу