Өлеңдер ✍️

  17.09.2022
  114


Автор: Танакөз Толқынқызы

Жан жүйкемді, жан жүйкемді күйретті....

Жан жүйкемді,
жан жүйкемді күйретті,
Ит талаған
күшігендей сүйретті,
Жан айқайын жасыруға үйретті
дер кезінде айтылмаған жылы сөз.
Көп ішінде жалғыз қылдың бірікпес,
Есігімнен кірмес болды күліп кеш,
Асау қылдың айтар сөзін ірікпес
дер кезінде айтылмаған жылы сөз.
Бар әлемге мені
теріс қараттың,
бауыр қылды сол баяғы
барақ мұң.
Балалықты, бал қиялды тонаттың
дер кезінде айтылмаған жылы сөз.
Жастығымның желбіремес туы тік,
Жігерімді жібердің сен үгітіп,
От жүректі салқын еттің суытып
дер кезінде айтылмаған жылы сөз.
Жақынымды алыс еттің танымас,
Сезім бердің селсоқтыққа жаны қас,
Ақын қылдың тәні сау да жаны мас
дер кезінде айтылмаған жылы сөз.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу