Поэмалар ✍️
ҚОБЫЗЫМ МЕНІҢ
Бошалап қайда барайын,
Құлақта, мыйда көп ызың.
Қолыма қайта алайын,
Қорқыттың қоңыр қобызын.
Ішектеріңді ысқылап,
Құлақтарыңды бұрайын.
Көңілден талай ұшты ырғақ,
Шақырып ұйқас құрайын.
Əулие əуен қоздасын,
Шақырып Қорқыт аруағын.
Көңілдің сазын қозғасын,
Əуелеп ұшсын арманым.
Өшіңді алма тек менен,
Тақымдай беріп тақсыр мұң.
Тіл менен ойды жетпеген,
Жеті ішегіңе тапсырдым.
Ор қоян ойды орғыттым,
Оған да разы етпедім.
Түсіндім енді Қорқыттың,
Қобызды серік еткенін.
Хан алдында да қасқайып,
Қобызбен бірге сарнаған.
Бүліксіз елді басқарып,
Білікті билер сайлаған.
Əулие қартқа əуелі,
Ажалдан хабар келген-ау,
Қобыздың қоңыр əуені,
Қайрылды кенет келте анау.
Бітпеген қанша ісі бар,
Тындырар егер елі үшін?
Ұлағат күйді ұсынар,
Жалмай ма ажал тегі шын?!
Ханға да айтар ақылы,
Билерге салар кеңесі–
Түгемей жатып ақыры,
Əзірейіл жетті келесі.
Өмір-ай, өмір, қашаған,
Қандай сыр, сірə, арнады.
Ғасырдан ұзақ жасаған,
Қарттың да бар-ау, арманы.
Айнала ұшып алтын бақ,
Кімдерге, қалай көшеді.
Ажалы келіп алқымдап,
Ұстара жүзін төседі.
Қараша қамын ойлаған,
Орда да, ойда, қырда да.
Өмір-ай, өмір, оңбаған,
Жетпей-ақ тұрды бір ғана.
Заманның заңғар биігі,
Құласа ауыр дала, елге.
Қараша, ханның күйігі,
Батады-ау, қатты дана ерге.
Ақыл ғып ұстап хан ордаң,
Ақын ғып ұштап осы өңір.
Халқы да қалып қара орман,
Өте бір шықты-ау, көш– өмір.
Үзіле ме өмір жолы енді,
Ішіне қарттың толды алаң.
Қобызы сарнай жөнелді,
Арыдан тартып толғаған.
Күллі дүние көңілін,
Күңіренткен еді-ау, күйменен.
Арыдан тартып қозғады,
Ата мұңы да қоздады.
Ана мұңы да қоздады,
Дала мұңы да қоздады,
Бота мұңы да боздады.
Қоздады қобыз мұң кілең,
Қасірет шекті хан да ұлы.
Өзендер, көлдер мүлгіген,
Ажал да сəтке қалғыды.
Боран да, жел де басылып,
Күн тауға басын сүйеді.
Қорқыттай дана хан ұлық,
Жарық дүниені сүйеді.
Бебеулеп бойды күш қысқан,
Кеудесін зар-мұң тырнады.
Жүгірген аң мен құс ұшқан,
Тына қап күйді тыңдаған.
Жанына күймен жыр еккен,
Жаутаңдап дала қинады,
Өмірге ғашық жүрекпен,
Қимады бəрін қимады.
Қобыздың үні жаңғырып,
Жел кетті алып алысқа.
Күллі дүниеге жан кіріп,
Салғандай бірге дауысқа.
Өнермен өлшеп өмірін,
Өлімге басын имеген.
Сан ғасыр қалай толқыттың,
Телегей күйді текті елім.
Түсіндім енді Қорқыттың,
Қобызды серік еткенін.
Арамға арын сатпаған,
Шарабын өмір құйды ылай.
Қорқытты аман сақтаған,
Ажалды жеңген күй– құдай...
Бошалап қайда барайын,
Құлақта, мида көп ызың.
Қолыма қайта алайын,
Қорқыттың қоңыр қобызын.
Ғажайып мынау ғаламды,
Қобыз тілімен сөйлеткен,
Қорқыттай ұлы бабамды,
Пір тұтқан ұрпақ соңғы өткен.
Қорқыттан күйім басқалау,
Өмірге айтқан өкпемде,
Сездірген едім баста анау,
Кездірдім кейін өткенде.
Елжіреп кетем ел десе,
Желбіреп жетем жер десе.
Туған ел мен жер үшін,
Жырымды тыңда, ендеше.
Семсерге сертін байлаған,
Ерлігің қайда кешегі.
Кемсеңдеп кейде бай далам,
Жетімнің күйін кешеді.
Бөрілі мекен бүк түсіп,
Жатып бір алды үндемей.
Көкжал көңілдер бұт қысып,
Сезімдер қалды бүрлемей.
Семіп бара ма гүл де ерек,
Сөніп бара ма жалындар?
Күркіремейді күн де көп,
Сіркіремейді жауындар.
Даланың арлан бөрісі,
Аспанға қарап ұлиды.
Тарылып аңның өрісі,
Жоғалды білем күн игі?
Тобылғы, бүрген жамылған,
Тоналды тоны даламның.
Өмір күйінен жаңылған,
Күнін кешеді баланың.
Шалдықпай шыққан сан өрден,
Шашылмай ауыл, аймағы.
Шалдарым анау шала өлген,
Қайтқан-ау, алмас айбары.
Көк сауыт киіп үстіне,
Көк найза жауға шанышқан–
Жорықтар еске түсті ме,
Тұяқтан қою шаң ұшқан.
Кететін жүйрік көңіл-ай,
Асауға құрық орай сап.
Жініккен жігіт өмір-ай,
Ат үстінде өткен ойнақ сап.
Өзіне мəлім сыр, үні,
Көз алдымда оның тұр бəрі.
Қай жерге қалай, сүрінді,
Жыл қанат мінген тұлпары.
Қауып та көрді қанша рет,
Басқаны маңға бастырмай.
Қарайып кетті қан жүрек,
Қақпанға түскен қасқырдай.
Шалғалы жаным бір ұшық,
Күні де сөнген арайлы.
Бос теңдежатып бүрісіп,
Арқасын отқа қалайды.
Көреді күнгірт түсінде,
Қыран құс жүре ме байланып.
Қалың бір тұтқын ішінде,
Бара жатады айдалып.
Үзілмей жатыр кендір күн,
Шыбыны құрғыр ұшпаған.
Ақша бір бұлттар кемпірінің,
Ақ шылауышына ұқсайды.
Кезінде болған қас мықты,
Үгіліп шығар түнімен.
Шымырлап барып жас шықты,
Шыңырау көздің түбінен.
Шаң-тозаңы бір тарамас,
Бұлыңғыр тартты-ау, мына əлем.
Шаңылдап жүрген шала мас,
Жақпайды шалға бір əуен.
Құбылып алыс– жыраққа,
Өткен бір күннің сағымы.
Жетеді əзер құлаққа,
Қобыздың мұңлы сарыны.
Бозінген болып боздаған,
Сайын даладай сарнады.
Арыдан тартып қозғайтын,
Қобыз дауысын сағындым.
Жібермес жатқа намысын,
Кеудеде жатқан сырды аңғар.
Сағынды қобыз дауысын,
Сар дала сазы сиған бар.
Бір ауылды өзі басқарып,
Бір ауыз дана сөзімен.
Дариға-ай, қанша басты арман,
Сөйлеседі өзі-өзімен.
Уайым– тұман торласа,
Үндемей ғана үйге еніп,
Отырушы едің оңаша,
Белгісіз жұмбақ күйге еріп.
Қобызы нені толғайды,
Өзінен өзге жоқ ұғар.
Шырылдап дала торғайлы,
Сағынған шақпен жолығар.
Жүйкесіз жұртқа сыр мəлім,
Үндемей бəрін үйретті.
Шалдығып, шаршап жиғанын,
Шарапқа шашып ұл кетті.
Бəрін де, бəрін келді ептеп,
Қыдыра жүріп əр үйді.
Келінге қарап мөлтектеп,
Ұлына қарап налиды.
Бошалап қайда барайын,
Құлақта, мида көп ызың.
Қолыма қайта алайын,
Қорқыттың қоңыр қобызын.
Айызың қанар кешегі,
Абызың қайда сарнаған?
Аңызғақ қана еседі,
Аңызға толы сар далам.
Ұят пен иба қашты үркіп,
Қыздарың бəлкім азған-ды.
Қызылды-жасыл қас, кірпік,
Тыр жалаңашқа да аз қалды.
Тауықтай саңғыр күлге аунап,
Махаббат жайлы сөз ашпа.
Сүреңсіз тартып гүлді аумақ,
Түседі түрлі көзі асқа.
Жүреккежүрек байланған,
Ғашықтар қандай от еді,
Төлеген ерді айланған,
Алты қаз ұшып өтеді.
Кеткенмен ажал жанды ұрлап,
Естайдің өшпес ізгі үні.
Тұрмай ма əлі жарқырап,
Жүрекке салған жүзігі.
Исатай ма еді керегі?
Нарынқұмдай кең ақылы.
Сай келген қандай ер еді,
Махамбет сынды ақыны.
Ақындық, ерлік бірге өнбек,
Жүрек те елге байланған.
Айталасың ба, бір кем деп,
Махамбетіңді Байроннан.
Ел тағдыры үшін аһ ұрған,
Ерлерім қанша кетті өліп?
Абылай ханға ақырған,
Бұхар жырауға жетпедік.
Əкімің құрғақ сыздайды,
Ақының босқа бөседі.
Намыстың оты қызбайды,
Жалғандықпенен дос елі.
Көп үшін жырын көпіртіп,
Ақының тілер ақ тілеу.
Өзіне пайда көп іркіп,
Əкімің жүрер əккілеу.
Тірліктің етіп тірегі,
Тəңірге кінə артады.
Біреуі озса біреуі,
Етектен келіп тартады.
Жұпыны жұртың жүр қашып
Қылығы жоқ-ау, көп құптар.
Сырамен сырын бірге ашып,
Көшені кезген «Көкбұттар».
Күпініп кейбір зиялың,
Өзіне білем «əулие».
Қиырға кеткен қиялын,
Жия алмай əлі əуре.
Судырап тұрар сөз десе,
Иіліп істер іске олақ.
Өтірігі де өзгеше,
Айтады бəрін ішке орап.
Жұмбақтап шала молдадай,
Аздырар кейі маңайды.
Қондырып жұртты қолға оңай,
Шекие сосын қарайды.
Тоқ та емес, өмір аш та емес,
Қақпағын жабар қай ауыз?
Бастағы мұңды басқа емес,
Арақпен жуып шаямыз.
Ататын оймен əр таңы,
Білімге кейі құныққан.
Мəңгүрттері де бар тағы,
Тілі мен тегін ұмытқан.
Аз ба еді тартқан азабың,
Кедейлік шоғын көседің.
Қырда жүр бағып қазағым,
Бес ешкі менен өсегін.
Кеудеңді өксік кереді,
Бағамдап болмай бағаңды.
Түзеп бақ дегің келеді,
Далаңды қойып, балаңды.
Қыр аспай жатып алқындым,
Демікпе ойлар көбейіп.
Рухы қайран халқымның,
Барады-ау, үнсіз кемейіп.
Мұң шарабыңды ішейін,
Құлақта тағы көп ызың.
Үзіліп тынар ішегің,
Күңірене берме, қобызым!
Сан ғасыр қалай толқыттың,
Телегей күйді текті елім?
Түсіндім енді Қорқыттың,
Қобызды серік еткенін.
Бошалап қайда барайын,
Құлақта, мида көп ызың,
Қолыма қайта алайын,
Қорқыттың қоңыр қобызын.
Кеудем бір тұнған қобыз– үн,
Үзіліп тынар ішегің,
Күңірене берме, қобызым,
Қобызым менің, қобызым!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter