Өлеңдер ✍️

  15.09.2022
  119


Автор: Нұрбек Нұржанұлы

Бөрі жүрек Айға ұлиды

Көрдім сенім ақ жүзіңнен еркелеген,
Көрмей сезім бұрылдың-ау ерте менен.
Бекежанның оқ жанары садақ болып,
Қыз Жібектен айрылды ғой ер Төлеген.
Көңіліңнің мұңын ағыз, жырын ағыз,
Достық сезім құшағына жылынамыз.
Үш жүректің үшіншісі, артығымын,
Үш ай бойы қонақ болған жылына күз.
Ұтылыс көп бұл тағдырдың ұтарынан,
Бақытыңды ғашығыңның күт арынан.
Танауымда әлі күнге гүлдің иісі,
Аңқып тұрған тамағыңның жұпарынан.
Мән бермеші сүйем деген сол сөзге де,
Сүйіктіңнен қызғанамын әр кезде де.
Дос боп мәңгі болсақ дейсің шал мен кемпір,
Мен шалыңнан қызғанар ем сол кезде де.
Бәрі өтті, бәрі кетті, бекер емес,
Сағымданған қиял сәттер, өтер елес.
Махаббаттың пойызына мініп кеттің,
Тұлпар жүрек екпіндейді, жетер емес.
Сені көрсе адасады айла кілең,
Мен сондамын, қайда күз, қайда күрең?
Жанарыңнан көріп жүрген жарық сәуле,
Енді мұңда, мекендейді Айда білем.
Сені көрем келбетімнен айна қылып,
Мен кілттеген жүрегіңде қайда құлып.
Түннен қорқам...
өртенеді жұлдыз мұңым,
Жоқтап сені бөрі жүрек Айға ұлып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу