Өлеңдер ✍️

  14.09.2022
  191


Автор: Зәһәрә Нұрәділқызы

Отырардың орны

«Арыстанбап басына кеп түнедік,
Қожа Ахмет Яссауиден тіледік».
Араладық ат үстінен гүл көріп,
Қазақ жерін құштарлықпен тіленіп.
Көлігіміз ұшқан құстай келеді,
Көкіректе көркем арман көп еді
- «Отырардың орны бұл»-деп нұсқады,
Шофер жігіт аласалау төбені.
Мойын бұрмай бір сәтке де қасына,
Алға қарай зырлай берді асыға.
Отырардың сазы келді құлаққа,
Тарих үшін таусылмайтын асыл ә...
Жібек самал терезеден есіп тұр,
Өтіп барам көп қиялды кешіп құр.
Төбе үстінде мұкамалы жап-жаңа,
Әдемілеп зейнеттелген бесік тұр.
Ұялатқан сан арманын санаға,
Біреу қойды-ау зар боп жүрген балаға,
Қолдаса рухы бабалардың шынымен,
Зарлық жанның бағы маздап жанады ә.
Жанса бағы артып күнде бағасы,
Құшағында балпанақтай баласы.
Отырардың орны ғой бұл, өйткені—
Мұнда туған адамзаттың данасы...
Жаратылыс хикіметтің не сыры,
Оған ашық тілсімдердің есігі.


Ақыл-оймен парасатта әйгілі,
Әбу Насыр әл-Фараби есімі.
Ұлы ойшыл, екінші ұстаз, ғұлама,
Ғалым кісі көп ізденбей тұра ма?
Аристотель шығыстағы теңдессіз,
Еңбегі оның көк тіреген мұнара.
Медицина, физиканы зерттеген,
Логикада одан ешкім өтпеген.
Математик, астроном, философ,
Грек тілі...тіл білетін көптеген.
Заманында озық елді аралап,
Білім алды неше түрлі саралап.
Әнші, күйші, ақын әрі музыкант,
Айту қиын бәрін бірден даралап
Ол Отырар қаласының түлегі,
Туған жер деп соққан мәңгі жүрегі.
Рухына тауап еткен адамның,
Бағы ашылып орындалар тілегі...
Көз алдымнан көп көрініс көшіп бір,
Өтіп барам көп қиялды кешіп құр.
Көп қиялым - көп арманым алдағы,
Терезеден жібек самал есіп тұр.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу