Өлеңдер ✍️
Ескірмейтін өнеге
(Албан көтерілісінің 90 жылдығына орай)
Тоқсан жылды тоқып ойға сақтаған,
Сабырлылық сарқылмайтын санада.
Ұлылықты ұлағаттап жаттаған,
Өтсе-дағы қилы-қилы замана.
Арқалаған жерден ауыр азапты,
Көздерінен бұлбұл ұшып жыр-күлкі.
Ерлер үшін шейіт болған ғазапты,
Ас берілді жайлауында мың жылқы.
Жәмеңке би, Ұзақ батыр бастаған,
Албан қолы көтерілген дүркіреп.
Отаршылдық мерезіне таптаған,
Ашты күшті от, ашуменен күркіреп.
- Ақ патшаға бермейміз, -деп,- әскерді,
Әскер берсек алдыменен бала өлер.
Аламын деп қасарысқан қас келді,
Ал, бермесек алға шығып шал өлер.
Алдыменен бала өлгенше шал өлсін,
Бере алмаймыз жеткіншекті ажалға!...
Басқа ұрып ақ патшаның дәмесін,
Даналық ой қарсы келді тажалға.
Гүрсілдеген мылтық үні тынбады,
Қалмай бір сәт адамдардың соңынан.
Суырылып сумаң қылыш қындағы,
Жау әскердің түспей қойды қолынан.
Қырып жатты шалмен қосып баланы,
Сәбиді де, әйелді де, кемпірді.
Қасірет бүркеп, қайғы басты даланы,
Тыныш елге мың зобалаң келтірді.
Қанға бөкті сай мен сала, дала-қыр,
Өзендерде өркештеген қан ақты.
Көкірегінде көлкілдеген жара жүр,
Бірақ, халық ұмытпады санатты.
Болашағын өз ұлтының ойлаған,
Жылап жүріп жылдарды ауыр өткізді...
Ерлік ісін ел бойынша тойлаған,
Тоқсан жылға толықсытып жеткізді.
Шағаладай аппақ үйлер тігіліп,
Жырдан шашу шашылды кеп қауымға.
Аруағына бабалардың жүгініп,
Ас берілді ұлан-асыр ауылда.
Ақ алмастай қаһары бар халықтың,
Жолсыздыққа оңай-оспақ көне ме?
Ерлері өлді,
Елі үшін даңқ мың,
Ерлік мәңгі ескірмейтін өнеге.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter