Өлеңдер ✍️
ӨЛЕҢ
Заман тыныш, аспан ашық, таң нұрлы,
Жаным сүйер төгіп өткен жаңбырды.
Сол көгімде жарқыраған қос жұлдыз –
Жаттап өстім Абай менен Жамбылды.
Өмір бал мен тұрмайды ғой шекерден,
Сол уақыттың қиындығын көтерген.
Қасым, Тайыр, Мұқағали, Жұмекен,
Бұл төрттікті қалайша айтпай өтем мен?!
Думанды кеш, сазға бөлеп сырнайлар,
Жатқан шақты жүрегімде жыр қайнар.
Айтып кетті өз еліне бар сырын,
Әбділда ақын, Қадыр, Сағи, Сырбайлар.
Пайымдап мен өз әлімше ұққаным,
Бойларында сырқылмаған күш дарын.
Тоқсандағы Мұзафарым, жетпісте –
Ел қамын жеп жүрген жоқ па Мұхтарым?!
Артымызды жаппай жатып бекем ғып,
Талай рет желпініп тост көтердік.
Соның орнын толтыратын жасампаз,
Жастар да өсіп келе жатыр жетерлік.
Жұмысбасты таппасам да бір тыным,
Ақ қағазды шимайлаймын жыршымын.
Өлеңдегі бағытым сол жарандар –
Жұрт ұқса екен жүрегімнің дүрсілін.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter