Өлеңдер ✍️
МАНСАП
Азамат деп қоспайды қатарына,
Қарайды олар жағдайың, жатағыңа.
Басшы болу бүгінде шарт деп ұғар,
Ден қояды мансабың, атағыңа.
Байлық, басқа шаруада жұмысы не,
Жиналмаған тазадан кірісі де.
Галстукты шоқпардай тағып алып,
Оқтау жұтқан жандай ғой жүрісі де.
Терең суға дей ме екен қайық салам,
Ақыл да айтты көпшілік байыпты оған.
Мансапқұмар қазақтың ұлдары деп,
Жұртшылықты түгелдей айыптаман!
Арам шөптей тамырмен жойсаң-дағы,
Бас көтеріп, көктеуден тайсалмады.
Патриоттар мінбеден сөз айта алмай,
Тынды ішінен жақсы мен жайсаңдары.
Әлсіздердің жабылып қас-қабағы,
Түсінбестік осыдан басталады.
Асау аттай кресло аударар деп,
Билік басы үн қатпай, жасқанады.
Айтылған жәйт менен де бұрын дәйім,
Оған бірақ қалайша бұрылмайын?
Өтіріктің дәмінен көсегенше,
Шындық тәтті емес пе шырындайын?!
Жайбарақат, «кім бұзған шаттығыңды,
Сабаңа түс, бас кәне, аптығыңды!».
Дейді біреу, ал бізім ішіндегі –
«Қашан тесіп шығады қапшығымды?»
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter