Өлеңдер ✍️

  12.09.2022
  79


Автор: Әлімқұл Данияр

...қымбаттым...

Ақындар көп емес,
Жұлдыздан жыр сауған
Тыныштық – өлі елес,
Тымтырыс. Мылқау маң.
Келі мұң – ап-ауыр,
Желінін түн иген.
Құтылды жат ауыл,
Түтінді тұл үйден.
Ол үйде бір ақын,
Обалын жоқтаған.
Өзгеріп тұратын,
Өзіне боп қаған.
Бірақ та мұңына,
Бұйрығы жүрмейтін.
Жыраққа тығыла,
Жырлайды түн кейпін.
Жетілмей жыр реті,
Сәл жалғыз, сәл ақын.
Түндердің суретін,
Көзіне салатын.
Жыр жазды түн күткен,
Жалғыздық жайында.
Ең ащы шындықпен,
Ең асыл пайымда.
Бөлмесі – әлемі.
Кітабы – жұмбақ түн.
Мұңдары – әлегі,
Ол сондай қымбаттым.
Шығады жол сүйреп,
Тағдырға мұратын.
Бүгін де сол сурет:
Бір бөлме – бір ақын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу