Өлеңдер ✍️
Бәйге
Шоқтай ғып жал-құйрығын қойған сүзіп,
Кең сауыр, жазық бауыр, сағағы үзік.
Қос көзі жалт-жұлт етіп ойнақтап тұр,
Сайысарын білгендей қаны қызып.
Кетті әне, жұмыр тұяқ жер тескендей,
Екпіндері ширатып желді ескендей.
Қарысып, бір-бірімен таласады,
Балуан сынды майданда белдескендей.
Қою шаң қалды артында шумақталып,
Көз алмай қызынып тұр, шулап халық.
Бір бүктеліп, жазылып, бұлдырайды,
Желігеді айғайдан қуат алып.
Ат қосқан бапкерлер көп бабын тауып,
Жүрек тулап, бір қиял атына ауып.
Озып келген бәйгеден сәйгүлігін,
Желпіндірді, сауырына кілем жауып.
Аққан бір қос жұлдызы Таскескеннің,
Көрсетті тұяғынан тас кешкенін.
Үш жүзден ұтып алды қос машина,
Перісі ұстағандай бәстескеннің.
Жарыс бар да, озу бар – озса мақтан.
Ләззат алар кімде-кім жүйрік аттан.
Ұстараның жүзіндей қылпылдатып,
Шіркін бапкер, жүйріктің жерін тапқан
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter