Өлеңдер ✍️
Маскүнемге түскен ой
Ой, арақ! Сен шынымен армысың?
Ар мен ұят жүрген жерде бармысың?
Досыңды әлде ар-ұяттан ада ғып,
Арсыздыққа апаруға зармысың.
Сенімен көп дос едім.
Сен дегенде көңіл жықпас бос едім.
Өмірімде саған сірә шек қоймай,
Шек қойғанмен күрең қабақ өш едім.
Көп ерттің мені көшеге,
Алыс емес, алдыңғы күні, кеше де.
Сен бастайсың, мен еремін ерінбей,
Өркенім өсіп, көгерер деп көсеге.
Кешегі сенің ісің-ай,
Естен кетпес көрсеткен маған күшің-ай.
Буынды алып, аяқтан шалып ұрдың-ау.
Тоңқалаң асып, томарда қалған тісім-ай.
Мөлдірей қарап жетуші-ең,
Жылы жүз беріп, жел жағымнан өтуші ең.
Жетегіңе алып, жексұрын күйге жеткізіп,
Қалдырып мені, қайқайып қайтып кетуші ең.
Ой, арақ! Көрмедім сендей жолдасты.
Енді ерсем саған, тамтығым мүлде қалмас-ты.
Қолымда діріл, кеудемде күріл, әлім жоқ,
Алдапсың мені, бой тартпай сенен болмас-ты...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter