Өлеңдер ✍️

  12.09.2022
  154


Автор: Қыңырбек Қамашұлы

Алақай, құтылдық па отарлықтан

Алақай, құтылдық па отарлықтан,
Жетті ме шуақты күн, арайлы тан?
Қан жылаған қазаққа қайрылды ма,
Тәкаппар сырт айналған дүние паң...
Рас, күн кешеміз бе, еркін сөйлеп,
Ауыр тартып тұрмай ма, киген көйлек?
Жер-суға шын иелік етеміз бе,
Ұмыт боп өлген-өшкен, көрген бейнет.
Өңім бе, әлде көрген түсім бе екен,
Шынымен қуанышты ісім бе екен?
Қуаныш болса артын құтты қылғай,
Ақ-адал бастайтұғын кез ғып көсем.
Шер-шемен, кең көкірек ылайланып,
Мәңгүрттей есі ауысқан, шыр айналып.
Жетпіс жыл жер тезек боп күн кешірдік,
Көргенді айта алмадық тіл байланып.
Түбіне енді отырып көк туымның,
Басы деп қуанышты толқуымның,
Айтайын, бастан өткен тарихымды,
Жас ұлан хабар тапсын, көп буыным.
Аталған әлмисақтан қазақ елі,
Толықсып, айдарынан ескен желі.
Лақылдап төрт түлігі жерге сыймай,
Қайысып жатушы еді сары белі.
Әппақ үй, сегіз қанат, керегелі,
Түрленген түсті бояу дөдегелі,
Кірсе қайта шыққысыз, іші жәннәт,
Тұратын магниттей тартып лебі.
Сары қымыз иісі аңқып сабадағы,
Бал татып ұйытқан айран шарадағы.
Бәске ішіп бай мен кедей дуласатын,
Бейне бір шулы көлдей шағалалы.
Тайқазан ет қайнаудан босамайтын.
Қазақпыз, ет жемесек жасамайтын.
Кедей бол, бай бол жане бала болсын,
Ол еттен қалмаушы еді асамайтын.
Үйінен күнде қонақ арылмайтын,
Рұқсат сұрап қонақ сарылмайтын.
Қонақ қуған құдайға кінәлі деп,
Қазақпыз, қонағына тарылмайтын.
Біреу – бай, біреу – орта, біреу – кедей.
Адамның тіршілігі емес бірдей.
Бір-біріне әртүрлі ісі түсіп,
Өзара сыйласатын, пәлен демей.
Жаз жайлау, қыс қыстауға көшетұғын.
Сары ала, қара ала арқан есетұғын.
Сұр шекпен түйе жүннен тоқып киіп,
Малсыз күнім қараңғы десетұғын.
Алатау, Алтай, Арқа арасы алыс,
Үш жүзде мекен қылған қалың арыс.
Көкшеге Абылайдың туын тігіп,
Сырт жауға жатушы еді бермей намыс.
Қолбасшы Қаракерей Ер Қабанбай,
Қаһарлы Қанжығалы қарт Бөгенбай.
Үш жүздің қисабы жоқ көп батыры,
Жер үшін маңдай терін төккен талай.
Жауларын қарсыласса оңдырмаған.
Орманнан бір шыбықты жондырмаған.
Оларға жеріндегі тас та қымбат,
Құзғынды саңғырар деп қондырмаған.
Сол ерлер жер қорғаудан ерінбеген,
Түреңге өрістік жер берілмеген.
Туырылған боз даланың ақтығынан,
Нар түйе шөгіп жатса көрінбеген.
Таулы өлке, күміс көлді, ну тоғайлы.
Мөлдір су, шүйгін шөпті малға жайлы.
Әркімнің атамекен қонысы бар,
Өзіне тиесілі басыбайлы.
Осылай көшіп-қонған еркін халық,
Керегін жәрмеңкеден жүрген алып.
Жер-суға, өз басына өзі қожа,
Тек өзін бір Құдайға құл деп танып.
Ақ патша елші қылып Тевкелевті,
Жеріне қазекемнің ентелепті.
Көнбеген ыңғайына қазақтарды
Мылтықтың дүміменен желкелепті.
Мың жеті жүз елуінші жылдан бастап,
Отарлау бұғалығын қойған тастап.
Бұлқынып әр орында қозғалғанды,
Дүмпу ғып, от қарумен жүрді жасқап.
Шұбыртып сарыарқаға мұжықтарды.
Шығаннан шықан ылғи бұзықтарды.
Қазақты мекенінен айдап шыққан,
Мұжықтың озбырлығын қызықтады.
Қатыгез, қаныпезер, түсі суық.
Қуырған құм, сусыз шөл, тауға қуып.
Қазекең кедейлесті, малы жұтап,
Тентіреді омырауын жаспен жуып.
Зорлық қып: Еділ-Жайық, Оралды алды,
Ішкерлеп бертін келе Аралды алды.
Шұрайлы ата қоныс жері кетіп,
Бақ қайтып, ырыс қайта оралмады.
Бірін майор, біреуін жандарал деп,
Жазықты бола қалсаң, жанды алар деп.
Қит етсең «протокол» – итжеккенге,
Шошынды ел, бұдан қайтып жан қалар деп.
Ерназар, Бекет, Қален батырларым.
Мұжықтың тілді талай шатырларын.
Елі үшін еңіреген сол ерлерді,
Көрді жұрт қызыл қанға батырғанын...
Бас қылып Исатай мен Маханбетті,
Мыңдаған басын қосып өңкей текті.
Патшаның қаруланған жендеттері,
Аяусыз солардың да қанын төкті.
Жүз елу жыл патшадан не көрмеді?
Өркені өсіп қазақ, көгермеді.
Бүлк етсе, арам шөптей отап тұрды,
Қолында құрал болса көнер ме еді.
Құбылып бұдан кейін қызыл келді.
«Оң жолға бастайтұғын Қызыр келді»,
Аударып ақ патшаны, тақтан алып,
Заң – тәртіп, өңі айналып өзгерді енді.
Қысқа күнде қырық рет жиын болды.
Би көбейді, сан бөлек ұйым болды.
Отбасында алаңсыз ас іше алмай,
Тұрмысы бұрынғыдын қиын болды.
Қызылдың түсі жылы, тілі майда,
Сөзінің бірі зиян, бірі пайда.
Елпілдеп еріксіз ел ере берді,
Белгісіз: апарады әлдеқайда.
Жол салды, ағаш екті, канал қазды.
Түрініп, белуардан кешіп сазды.
Ер демей, әйел демей күн-түн қатып,
Бейнетпен ұластырды қыс пен жазды.
Тілгілеп тың даланы егін салды.
Қорғады: іш алатын өсім малды.
Бұрында жұқанасы бар адамға,
Ішерлік астық сеп боп, мал құралды.
Жойылды сауатсыздық, мектеп ашып.
Ғылымның көкірекке нұрын шашып.
Алдыңғы өркенді елге жетеміз деп,
Қазекем лепіреді көңілі тасып.
Жеткізіп өзгерісті, тілін безеп,
Күн сайын белсенділер келді кезек.
Мың тоғыз жүз жиырма сегізінші
Жыл жетті, сұқты көзін байға кезеп.
Әскерлер қаққан қада секілденіп,
Қаздиып, мылтық ұстап тұрды төніп.
Біреулер байдың мүлкін тізімдеді,
Жер шұқып бай отырды өрттей сөніп.
– Қой қанша, жылқы қанша, сиыр қанша?
Айт жылдам, түие малың болғанынша?
Тең шешті, сандықты ашты, жүк құлатты.
Дүние қанша болса, жазды сонша.
Өрістен малын жиып алдырды да,
Неше арба дүние мүлкін салдырды да,
Үйін жығып, көшіріп алып кетті,
Ұлар-шу ғып жұртына қалдырды да.
Баспана, малы кетті, бұйым кетті.
Жинаған қысқы-жазғы киім кетті.
Бола ма бұдан өткен қорлаушылық,
Орнатты бастарына қияметті.
Малдарын біріне әкеп, бірін қосты,
Қосылмай аталық мал жан таласты.
Тіресіп бұқа біткен, шайнасты айғыр,
Бұрқылдап буралары иықтасты.
Білмейтін малдың жайын тоғышарлар,
Аяусыз жауша шапты, не шара бар?
Алты ай жазға құр жүрген сетер бәйге,
Қан жілік боп құрыды, бейшаралар.
Қатын-бала ұлардай шұрқырады.
Есті егілсе, есіріп құлпырады.
Мынадай озбырлықты көзбен көріп,
Халықтың сай-сүйегі сырқырады.
Салт басы, сабау қамшы қалды осылай,
Көз тұман, көңіл күңгірт, үміт ылай.
Бір Құдайдан басқаға шағына алмай,
Айырылды ақыл-естен жылай-жылай.
Артынша бұйрық шықты Мәскеу жақтан.
Салмағы бұрынғыдан болды батпан.
Бай біткен қатын-бала туысымен,
Жер ауып, елден кетіп шықсын саптан.
Көр кеуде белсенділер қодыраңдап,
Жинады қамшы үйіріп адыраңдап.
Қатыгез, қара жүрек әулекіні
Япырмай, қалай тауып, алған таңдап.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу