Өлеңдер ✍️
Азат ұйымы құрылғанда
Уа, қазағым, кеше ғана кім едің?
Бойға еркін дарытпап ең күн лебін.
Бұлт бүркеген толған айға ұқсап ең,
Бір жарқ етпей орталап ең білемін.
Келелі би, көш басшыдан айрылып.
Қасын қайтып, тас бүркендің қаймығып.
Қасқыр шапқан қойдай тозып әр елге,
Кері кеттің, қанатыңнан қайрылып...
Басқа иелік, жерге билік ете алмай.
Тегеурінді қан шеңгелден кете алмай.
Қаншама рет, жан даусыңмен бұлқынып,
Жер жастандың дегеніңе жете алмай.
Мың тоғыз жүз сексен алты, желтоқсан.
Көкірегіңнен нұрлы дауыл жел соққан.
Сонда арыңа қара күйе жағылып,
Қансоқта боп тағы шықтың сен саптан.
Рысқұлбеков Қайратымның жас қаны,
Жатқызбады, Олжас, Мұхтар бастады.
Желтоқсанға жапқан қара пердені,
Ашулы қол отқа жұлып тастады.
Оралдағы кесапаты казактың,
Ол да әлемге әйгіленген – ғажап күн.
Зұлымдықтың көкірегіне мұз құйды,
Бір жүз он үш ұл мен қызы Азаттың.
Ахметтің, Міржақыптың, Сәкеннің,
Білді әлем ұрпағы бар екенін.
Сезді ме екен, қасиетті рухтары...
Тәуелсіз ел, азат болған мекені.
Уа, бабалар, сендер үшін сиындым.
Өсиеттің, шешті бәрі түйіннің.
Жанды қиып жасап берген бұл мұралың,
Туы болсын, Азат атты ұйымның!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter