Өлеңдер ✍️

  11.09.2022
  127


Автор: Рза Қунақова

Ұзақ-ау, шіркіні қыс таңда...

Ұзақ-ау, шіркіні қыс таңда,
Жылжиды «Газик» ілгері.
Əйтеуір, жетті-ау қыстауға
Қайсысы оны білмеді.
Келіпті дəл білгендей,
Адасып жүріп түнімен.
Ібіжан қыстар «Бүргенді ой»
Қарсы алды желді күнімен.
Тынықпақ сəл-пəл аялдап,
Шопанның білмек жағдайын.
Ібіжан жатыр баяндап,
– Жем-шөп, қора дап-дайын.
Қысылмай қыстан шығамын,
Əзірмін оған үнемі.
Қыс сыншы ғой, ұғамын,
Саспаймыз, – деп күледі.
Төлдейтін кезде отарым,
«Мəлікбайға» ауысам.
Асықпай айдап апарып,
Күз қалған шөпті тауысам.
Сөзінде ылғи тұратын,
Ібіжанды жұрт сыйлайды.
Досына мойын бұратын,
Жаманатқа еш қимайды.
Орденге толы өңірі,
Сыйлайды ел осы жігітті.
Үлгілі еңбек, өмірі,
Ақтайтын сенім, үмітті.
Директор болып разы,
Қыстауға басқа аттанды.
Тұманның тарап біразы,
Ашылуға күн шақ қалды.
Жетер-ақ еді қазір-ақ,
Бір асса қыстау Талдыдан...
Соғады суық ызғырық,
«Газиктің» қарсы алдынан.
Жылт етті бір от қашықтан,
Белгісін берді тіршілік.
Жетуге шофер асыққан,
Жымиды күліп, күрсініп.
Директор бірден аңғарды,
Қыстауға таяу келгенде.
Қаз-қатар жарық шамдарын
Тізіліп тұрған көргенде.
Ерлікті мұндай жасар кім,
Құм іші сонау қыстауда.
Отары Орынбасардың
Жаңалықты осы ұстауда.
Мақтаулы шопан айтулы,
Таласқа түгел белгілі.
Орынбасар Айтуов
Жаңашыл дейді ел мұны.
Жарыссаң тіпті қиын да,
Ол емес сасып қысылар.
Жиналыстар мен жиында
Тың пікір дəйім ұсынар.
Қорасы жылы, қой семіз,
Қысылар емес ол-дағы.
– Қоздайды, – дейді – қой егіз,
Сегіз жүз саулық қолдағы.
Жүретін болсам мен тірі,
Мақсатқа талай жеткізем.
Жоғары сортты елтірі
Биыл да көптеп өткізем.
Əбекең қалды масайрап,
Сүйсініп оның сөзіне.
Биыл да рекорд жасайды,
Уəде берсе ол өзі де.
Отарды барлық аралап,
Жағдайын көрді көзімен.
Ақылмен көрді саралап,
Шығады бəрі сөзінен.
Көңілі жүрген басылып,
Бір сəтке өсті биікке.
Тұман да кетті ашылып,
Көрінді бөкен, киіктер.
«Газикпен» қатар жарысып,
Өтеді кесіп жолдарын.
Шофердің қалды қарысып,
Рульде қатып қолдары.
Суытар күннің белгісі –
Шұбырса киік, бөкендер.
Келмейді аштан өлгісі,
Жылы жақ барып мекендер.
– Бұзылар күн жуықта,
Бұл кулар соны біледі.
Барады қашып суықтан, –
Деп директор, күледі.
Қыстауда бөліп үш топқа,
Тасылған шөптер бұрынғы.
Мойынқұмдағы штабқа
Директор енді бұрылды.
Əзілдері жарасып,
Шопандар мұнда тұрады.
Құмдағы шағын қалашық
Аталатын – Бекмұрат.
Жапалақтап жауды қар,
Болады-ау соңы борасын.
Басса-дағы тауды қар,
Совхоздың жылы қорасы.
Белгілі «Талас» совхозы,
Облыс, аудан басқаға.
Қорасы толы көп қозы,
Үлгілі кəрі, жасқа да.
Есейген ерте еңбекпен,
Өңірінде Алтын жұлдызы.
Білім ап, бəрі ер жеткен,
Үйінде төрт-бес ұл, қызы.
Делегат болып съезге,
Қатысқан үлкен форумға.
Жылда оның күйі өзге,
Табыстың кілті қолында.
Білетін өмір сырын мың,
Табыспен бастар əр күнді.
Арқауы еттім жырымның
Сағынтаев Əбдірді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу