Өлеңдер ✍️

  11.09.2022
  142


Автор: Рза Қунақова

Мен кейісем таулар тұрар күрсініп....

Мен кейісем таулар тұрар күрсініп,
Мен кейісем жабырқайды тіршілік.
Мен күлгенде бүрін жарып гүлдеген,
Сағағынан үзіледі бір шыбық.
Мен кейісем бұлақтар ақпай қалатын,
Томсырайып қомдамас қыран қанатын.
Төбеңнен төніп, жымыңдап, жайнап тұратын
Жұлдыздар жанбай сазарып тұрып алатын.
Мен кейісем үйімнен кетер жылылық,
Парасаттылық, тəкаппарлық пен ұлылық.
Осының бəрі жүрегімнің жүз пернесі,
Жаманға жорып, ойламаңдаршы бұл несі?
Кей-кейде көңіл теңіздей тасып кетеді,
Жүректің жүз пернесін басып өтеді.
Толқимын сол сəт дауыл кеп соққан кемедей,
Бола қалам тулаған теңіз-телегей.
Ал кейде болам көктемнің қызыл гүлі мен,
Боламын бұлбұл сайраған бақта түнімен.
Найзағай тынып, толастап жаңбыр басылып,
Шыққан Күндей жүремін жайнап ашылып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу