file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  11.09.2022
  138


Автор: Рза Қунақова

МЕНІҢ ЖҮРЕГІМ

Бірде менің жүрегім – теңіз болар тулаған,
Бірде менің жүрегім – орман болар шулаған.
Бірде менің жүрегім – ракеталар зулаған.
Бірде менің жүрегім – өзен болар тасыған,
Бірде менің жүрегім – шарап болар ашыған,
Бірде менің жүрегім – жастар шырқар ғашық əн.
Бірде менің жүрегім дауыл болып кетеді,
Осы жүрек шаттанса, ауыл болып кетеді.
Құшақ жайған адамға бауыр болып жетеді,
Көктемеде құятын жауын болып өтеді.
Бірде менің жүрегім қызыл таң боп атады,
Менменсінген адамға ол паң болып жатады,
Достарыма бұл жүрек жан болып тіл қатады.
Кейде менің жүрегім аспан болар көк теңбіл,
Кейде менің жүрегім – толықсыған көктем бір,
Кейде менің жүрегім – ақындарша төккен жыр.
Кейде менің жүрегім ғарыш алаң тəрізді
Шығарып сап, қарсы алар салтанатпен ол бізді.
Қақпасы ашық жүректің адамдарға жаны ізгі.
Бірде менің жүрегім қызыл гүл боп ашылар,
Бірде менің жүрегім күміс сəуле шашылар.
Дұшпаныма жүрегім – өткір семсер алмастай,
Қиядағы қыран ол, қанша ұшса да талмастай.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу