Өлеңдер ✍️

  11.09.2022
  183


Автор: Рза Қунақова

ЕСКЕРТКІШ ҚАСЫНДА

Жұрттан бұрын қарсы аласың күміс Күннің шапағын,
Үнсіз тұрып тыңдайсың сен бұлбұлдың шат əнін.
Ескерткішің гранит тастан мəңгілікке қойылған,
Жансыз бейнең айнымайды əшекейлеп ойылған.
Əзіз анаң келді саған қарау үшін тағы да,
Мерт болдың сен аналар мен балалардың бағына.
Қарайды ол қайта-қайта құлпытасқа тесіліп,
Тұр ма, əлде, ақ сүтін ол мəңгілікке кешіріп.
Күміс тамшы еріксіз көзден түсті домалап,
Осындайда жылағанда жыламау да обал-ақ.
Жарың келді жабырқаулы, ашылмайды қабағы,
Мөлтілдеген ыстық жасы омырауға тамады.
Бəлкім, оның дір етті ме «сен» деп соққан жүрегі,
Айтпақ болған ойында бар ма соңғы тілегі?
Телмірсе де, мұңайса да тіл қатпайсың мелшиіп,
Мақтан етер ұрпағың, сені мəңгі ел сүйіп.
Тұрасың сен қозғалмастан мың-мың жылдар,
ғасырлар,
Елдің даңқын, ерлік даңқын тек батырлар асырған.
Тағзым етіп ескерткішке гүлдің шоғын сыйладым,
Күлімсіреп тұрдың сен де, өлді деуге қимадым.
Күнде осылай кездесеміз, жүздеседі талайлар,
Тіпті асыққан жолаушы да басын иіп қарайлар.
Ескерткіш боп қалу-дағы ұмытылмас өмір ғой,
Қасынан бір өткенде, замандастар, көңіл қой.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу