Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
11.09.2022
131
Ақ сəуле болсам, гүлдерге нұрым түсетін....
Ақ сəуле болсам, гүлдерге нұрым түсетін,
Ақ шарап болсам, қуанған адам ішетін.
Ақ сұңқар болсам, биікке ғана ұшатын,
Сағыныш болсам, ғашықтар аңсап құшатын.
Көк теңіз болсам, сағым мен толқын жарысқан,
Көк тоғай болсам, аясында арман табысқан.
Көкшіл тау болсам, алыстан сонау мұнартқан,
Көгал жай болсам, жүректер əсте құмартқан.
Ақ бұлақ болсам, ағатын шыңнан сылдырап,
Ақ сағым болсам, жеткізбей тұрар бұлдырап.
Ақ арман болсам, əлсіздер маған жетпейтін,
Сандуғаш болсам, бақтардан əман кетпейтін.
Сом болат болсам, егеулі найза өтпейтін,
Ақ самал болсам, жүзіңді сүйіп аймалар.
Көбелек болсам, өзіңді күйіп айналар,
Ақ арай болсам, шұғылам саған түсетін,
Ақ шарап болсам, бір өзің ғана ішетін,
Ақ сəуле болсам..
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter