Өлеңдер ✍️

  10.09.2022
  288


Автор: Рза Қунақова

ЖЕМІС АҒАШТАРЫ СӨЙЛЕЙДІ

Алма ағашы:
Нарттай қызыл алмам бар,
Мəз болады алғандар.
Тілді балдай үйірем,
Өз көркіме сүйінем.
Дастарханның көркі деп,
Үзбейді ел үйінен.
Өрік ағашы:
Көктемде ерте бүрлеймін,
Ең алдымен гүлдеймін.
Бұрын пісем бəрінен,
Аялдауды білмеймін.
Өйткені алтын өрікпін,
Бақшаларға көрікпін.
Алмұрт ағашы:
Менің атым – алмұрт,
Ұнатып жер бар жұрт.
Мені өсіре алмайды,
Қарағандар салғырт.
Бəріңнен де бөлекпін,
Мен де елге керекпін.
Дəмім қант татиды,
Тəтті сүйсең, мені еккін!
Жаңғақ ағашы:
Менің атым жаңғақ,
Өсемін жер таңдап.
Қорек берсең оңдап,
Кетем көкке самғап.
Жеміске толып иінім,
Жұмсақ жасыл түйінім.
Бірте-бірте қатайып,
Өзгерер сыртқы киімім.
Дəнім бар тəтті, майлы,
Сүйек тоңым жайлы.
Қорек етіп дəнімді
Ішіп көр қою шайды.
Шабдалы ағашы:
Мен өріктен ірімін,
Ең тəттінің бірімін.
Алмаларға інімін,
Дастарханның гүлімін.
Сусыныңды қандырар,
Менің саумал шырыным.
Мен маржандай шиемін,
Күн сəулесін сүйемін.
Қымыздай қышқыл шырыным,
Берекелі шығымым.
Жиде ағашы:
Иісі жұпар жидемін,
Олақтарға инемін.
Күзге қарай құлпырар,
Бір ерекше күйдемін.
Қара өрік:
Қара деген атым бар,
Менен де дəм татыңдар.
Дəрі орнына жүруге
Кейде менің хақым бар.
Алыңдар баққа ектіріп,
Сақтаңдар ұзақ кептіріп.
Шаймен ішкен сусындар,
«Па, шіркін-ай!» – деп тұрып.
Долана:
Менің атым долана,
Жапырағым көк ала.
Піскенде майдай еримін,
Көргенде көктей тонама.
Əншілер əнге қосады,
Сауық кешке қонаға.
Өзің, көке, жей бермей,
Үлестір жолдас-жораға.
Əр жемістің дəмі бар,
Түрлі-түрлі дəні бар.
Ұғып алғын, балалар,
Сөздерінің жаны бар.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу