Өлеңдер ✍️

  10.09.2022
  90


Автор: Рза Қунақова

ҮЛКЕН ҮЙ

Аман болсақ тұрамыз ғой тағы келіп, қош, аға,
«Келесің де, кетесіңдер», – деп, жеңеше босама.
Бір ауылдың үлкен үйі саналатын шаңырақ –
Орталық боп қалды бізге берік алтын босаға.
Аунап-қунап кетеміз біз демалыста тыныстап,
Бірге тұрып, бірге өлу жоқ, болса да бір туыспақ.
Өріс болды өздеріңе ұялас ақ балапан
Дала гүлін жарыса бір тере-тұғын уыстап.
Жыл жатсам да осында мен, «көп болдым-ау», –
демес ем,
Бұл үй дарқан, береке ғой жүргенде сен, жеңеше.
Сыр сандығын ақтарып бір ортаға сап оңаша,
Отырып-ап өзіңменен ұзақ түнге кеңесем.
Осы үйден тарады ғой ұрпағы бір атаның,
Осы үйден басталды ғой менің сəби шат əнім.
Осы үйден аттаныпты əкем, алты бауырым,
Сонау алыс от жылдарда қорғауға Ұлы Отанын.
Сондықтан да осынау үй секілді бір астана,
Осы үйден тарайтын-ды ауылға тың бастама.
«Ақ жеңеше, ақ апа» деп анамды сыйлаған,
Аталыпты əкеміз – үлкен ата, жақсы аға.
Жалғастыра берейік біз əке-ана дəстүрін,
Қонақ келсе, күлімсіреп есікті одан аш бұрын.
Зəулім өскен бəйтеректен қалған бұтақ іспеттес,
Қарап өсер осы үйге қалған ұрпақ, жас буын.
Аман болсақ тұрамыз ғой тағы келіп, қош, аға,
«Келесің де, кетесіңдер», – деп, жеңеше босама.
Бір ауылдың үлкен үйі саналатын шаңырақ –
Тұра берсін үрпаққа да болып алтын босаға.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу