Өлеңдер ✍️

  10.09.2022
  125


Автор: Рза Қунақова

ОЙЖАЙЛАУДА

Ойжайлаудың тердің бе, алаулаған гүлдерін,
Тауларының көрдің бе, манаураған түндерін?
Көрдің бе сен – жұлдызды – күміс түйме, көктегі,
Үн қаттың ба байғызға уілдеген беттегі?
Бүрін алып иіскесең жартастағы аршадан,
Ұмытылар дəл сонда кездерің де шаршаған.
Отыр барып қайнардың мөлдіреген басына,
Жүзің түсіп жалт етер оның малта тасына.
Көк шалғынға көсіліп аунап асыр салдың ба,
Есіңе түсіп балалық бір жасарып қалдың ба?
Ақ шағала тəрізді көгінде Ай жүзеді,
Тізген жұлдыз моншағын шашып жасыл шалғынға.
Пысқырады жылқылар бел астында, аулақта,
«Арс» етеді көктөбет үйді айнала тау жақта.
Мен отырмын саф алтын ауа жұтып жайланып,
Ару Ай жүр сығалап, əнді ауылды айналып.
Ойжайлауда, жан досым, айтшы осы болдың ба,
Алты қанат тігілген ақбоз үйге қондың ба?
Ойжайлаудың əр кеші тамаша ғой, тамаша,
Бір жағында тау жатыр шаттық толы қойнында!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу