Өлеңдер ✍️

  10.09.2022
  121


Автор: Нұрила Қызықанқызы

Қара жарыс

Біздің ауыл жылқышы ауыл болатын,
Төр жайлауға елден бұрын қонатын.
Жел тұяқтың, жылқышы алған алдымен,
Ең жүйрігін таңдап міну оратын.
Буыршындай жас жігіттер жын бүркіп,
Шу асауды құлақтайтын шыңғыртып.
Бір жағынан қайырысып шығушы ек,
Арқан үзіп саяқ кетсе шыңға үркіп.
Ұл басына бұйыратын бір құнан,
Бәрі тарпаң орғи басқан, шұлғыған.
Жылап жүріп бір құнанды мен де алдым,
Намыс санап кем қалуды құрбыдан.
Шешем мені қыз киіммен сәндейді,
«Атпен ойнау ұл балаға тән» дейді.
Жігерімді әкем ғана түсініп,
Жол бергізіп талабымды әндейді.
Әке үні болды маған өр шабыт,
Аттандырды тор құнанға ер салып.
Көңіл-дүлдүл,


Топ баланың ішінде,
Жануарым бара жатты желше ағып.
Ушіліктің жазығы еді мақпалдай,
Құйындаттық қуып бара жатқандай.
Қара жарыс, қайырусыз ойындар,
Білген қайда, бәйге қандай, бап қандай?
Жел гулетіп шыт көйлектің етегін,
Бірінен соң бірін қуып жетемін.
Жетемін де оны да артқа қалдырып,
Тек кетпеймін тағы мазақ етемін.
Бәсекеден кейін қалып достығым,
Басып озсам таптым көңіл қоштығын.
Көрер көзге жоқ сияқты бостығым,
Тарқатылып кетті бірақ қос бұрым.
Қара үзіп шықтым бір кез ақыры,
Асқақтауға барды жүрек батылы.
Артта қалған бәрі әлсіз көрінді,
Тіпті маған жетпейтіндей ақылы.
Тоқтадым кеп «жүктас» дейтін қыратқа,
Ентігемін екі езуім құлақта.
Арт-артынан жеткен бала достарым,
«Озды» демей тартты келіп сұраққа.
Даяшы жоқ, дау шықты бір түгемес,
«Неге озасың көмбе деген бұл емес.
Көмбе артта баяғыда жеткеміз...
Есеп емес!» деп салады бір егес.
Ішімізде біреу бар ед ересек,
Ол да жетіп деді: мұның неге сеп?
«Байтал шауып бәйге алмайды» деген бар,
Бәрібір сен бәйге алмайсың келешек.


«Байталың не бұл сөзің тек былшыл ма?
Әлде көрмей құнанымды тұрсың ба?»
Деп түстім бір тұңғыш рет додаға,
Қара жарыс апарды да бір шынға.
Түсінбедім айтты оны не сырмен,
Ду күледі бір топ бала есірген.
Сол бір жарыс шықпайды бір есімнен,
Соған ұқсас өтіп жатыр кешірмем.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу