Өлеңдер ✍️
ӘКЕСІ МЕН БАЛАСЫ
Әкесі:
– Ұйқта, ұлым, ұйқың қансын, тағы ұйқта,
Демалғаның ұнайды осы қалыпта.
Тербетумен бесігіңді қанша күн
Тәтті ұйқыңды күзетумен шаршадым.
...Әлі есімде балалығың бал думан,
Түспейтұғын әкесінің алдынан.
Ал сонан соң – балдыр шағың, жас шағың,
Мектеп бардың, мені ұмыта бастадың.
Анаңа арнап алдым жазған хатыңды,
Тым болмаса атамапсың атымды.
Қапаланып жүргенім рас бірер күн,
Осыны айтып хат та жазып жібердім.
Бәрібір, сен – гүлсің, жайнап өнесің,
Сағат сайын санатқа еніп келесің.
Сен білмейтін бір қуаныш бар менде,
Көзге ілмейтін бір жұбаныш бар менде.
Өмірдегі әр ісім мен жеңісім –
Айналайын, біле-білсең, сен үшін!
Өзді-өзімен алдыңдағы екі ағаң.
Екі ағаңды еске алғаннан не табам?
Екеуі де көнбей кетті ыңғайға,
Әйтпесе, үйге келіп-кетіп тұрмай ма...
Сенің жөнің, сенің орның тым бөлек,
Сенен өзге, айтшы, маған кім керек?
Көйлегің көк, тамағың тоқ болғай деп,
Соңғы кезде жүрмін үйге қонбай көп.
Соңғы кезде... Азайғандай әл-күшім,
Уақыт алып қойды жастың жартысын.
Қару ұстап, мен де болғам майданда,
Ал бүгінде қауқар қайда, әл қайда...
Өмір сүріп жүргендеймін сен үшін –
Тірліктегі менің тәтті жемісім.
...Екі әйелім болған еді. Бірі өлді,
Екеуі де болатұғын іреңді.
Бірін әкең өз еркіне жіберді,
Тіршілігі тығырыққа тірелді.
Бір басымнан өтті қанша мұңды күн...
Соның бәрін айтпай іштен біл, күнім.
Құдай берген арқасында үш ұлдың
Мен өмірдің не екенін түсіндім.
Баласы:
– Бекер, әке, мен жәйлы түсінігің,
Білем, білем, кенжеңмін – кіші ұлыңмын.
Арамызды бөлме де, алалама –
Өзіңе де бірдеймін, анама да!
Жел еркіне жіберіп желқайықты
Екі айрылса жолдарың, мен бе айыпты?
Әке көрдім десем де, ана көрдім,
Тірі жетім болдым да қала бердім.
Анам, рас, өзіне алмақ болды,
Кеш өкінді – орнымды қармап қалды.
Сен де өкінбе, сәл кідір,
отыр, демал,
Сақта өзіңді, қалмасын жетім балаң.
Мені ұмытпа, ұстай жүр назарыңда,
Ойыншық ал (бар болса базарыңда...)!
Сол ғой, сол ғой балаға ең керегі,
Жараланған жүректі емдер еді...
Аман тұрса жарық күн, бұл әлемің,
Түптің-түбі болармын мұрагерің.
Күні ертең-ақ арқалап бар жүгімді,
Өз қолыма алармын тағдырымды..
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter