Өлеңдер ✍️

  10.09.2022
  80


Автор: Исраил Сапарбай

МАРИНКА

Маринкамыз айнымайды сылқымнан,
Шашы қандай қысқа ғана қырқылған?!
Күлгін түске боялғанда шашы анық –
Жүре берер гүлдей жайнап, жасарып!
Опа-далап жағынғанын айтсайшы,
Көз алдыңда қағынғанын айтсайшы!
Әйелдердің қойсайшы бұл қылығын,
Әсіресе... Киген кезде шұлығын,
Ес қала ма еркек деген байғұста,
Көз саларын білмей қалар қай тұсқа.
Бұл да болса жұмбағы ғой қаланың,
Жасырмайтын жасандысын, жалаңын...
Ал сонан соң ертіп алып баланы,
Аралаудан жалықпайды қаланы.
Сағат бойы не өзі жоқ, не бала,
Кешке әйтеуір кеп жығылар қонаға.
Баласымен қыдырып жүр десек те,
Ілінбеуі мүмкін бе оның өсекке?
Жанында еріп жүргеннен соң жас бала,
Жары бірақ жорымайды басқаға.
Әйел жоқ деп қалай ғана аш қалмақ? –
Асханада жүргені ылғи ас қамдап.
Маринкаға жаққан емес сонда да,
Күйеу емес, сияқты бір қолбала.
Шыдамның да біле-білсең, шегі бар,
Ләйліп жүрген әйел бірақ нені ұғар?
Тәубесіне келтірмек боп қасқаңды,
Байы бірде арқасынан таспа алды!
Әрі жылап, бері жылап,
бұл «әнді»
Тауысқан соң, әупірімдеп жұбанды.
Арқасында табы қалды таяқтың,
Әрең-әрең жаны қалды саяқтың.
Содан ба екен, шыға келді өзгеріп,
Күйеуінің ыңғайына тез көніп.
Мұны көріп, басқа-басқа, байы мәз,
Көңілі тоқ, бұрынғыдан уайымы аз.
Маринка да шырқ айналып шықпайды,
Бірге жүріп, бірге жатып ұйқтайды.
Бірақ, бірақ созылмады бұл көпке,
Нендей ылаж таба аларсың бірбетке?
Жаңа жұмыс,
Жаңа жүріс,
Жаңа орын...
Маринкамыз кетті бастап «өнерін».
Азғырғанын кім біліпті қай бүлік,
Үй де ұмыт,
Болды лезде бай да ұмыт.
Шыдата ма әйелдің бұл әуресі,
Ерінің де қыз-қырқынға ауды есі.
Талғап жесе, тәттіден кім тойынар? –
Енді, міне, неке бұзбақ ойы бар.
Маринка ма бұған көніп, әл берер,
Қалды мінез,
Әлгіндегі қалды «өнер»...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу