Өлеңдер ✍️
ЗАГОРЬЯЛЫҚ АНКИЦА
Загорьяның сүюші едім бір қызын,
Сол болатын қызғалдағым, қырмызым.
Сүйіктіме,
жаны таза мөлдір, ақ
Үйленбедім, үйленбедім мен бірақ.
Кім біледі, өзім шығар кінәлі,
Өйткені, онда жас едім мен тым әлі.
Кім біледі, жақсы ырым ба, жаман ба,
Үйленуге жоқ болатын шамам да.
Бізге көмек берер дейсің қай құдай,
Жанды жеген әй, қайғым-ай, қайғым-ай...
Мен сияқты сырласпай да мұңдаспай,
Қыз күйеуге шығып кетті тым жастай.
Содан бері өтсе де сан ай, жылдар,
Өмір бойы айықпайтын қайғым бар.
Жан-жүректе жатыр әлі сол қайғым,
Жапан түзде жалғыз қалған жандаймын.
Қайран менің загорьялық қалқашым,
Мұң мен шерім сенсіз қалай тарқасын?!
Арлы-берлі аралаушы ек Забокты,
Амал қанша, сені біреу жар етті.
Анкицам-ау – менің аппақ арманым,
Ақ жүзіңді қайта көрер бар ма күн?
...Жылдар өтті. Қайта оралдым Забокқа,
Көз тастадым ауыл-үйге, алапқа.
Ізі қалған сол бір балғын жастықтың
Сүйіктімнің үйіне де бас сұқтым.
Босағаға келсе де алып жол бірден,
Өзін емес, көлеңкесін көрдім мен.
...Мені күтіп,
келемін деп кешіккен
Жылағанын көршілерден есіткем.
Егілгенмен, е, жаратқан, е, Алла-ай,
Қайдан білсін кеткенімді келе алмай.
Қайғырғанмен қандай амал бар енді?
Арман, қиял... Өнбей жатып бәрі өлді...
Кеше ғана жүруші едік жарасып,
Енді алысқа қарайлайды қарашық...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter