Өлеңдер ✍️

  10.09.2022
  143


Автор: Исраил Сапарбай

РУХ

Жесiр менен жетiм көп,
Елге қарар бетiм жоқ.
Серкелерiм семiрдi
Бiр-бiрiнiң етiн жеп.
Обыр менен жебiр көп,
Оңып тұрған жерiм жоқ.
Жұтынуын қоймайды
Жұтқыншақ пен Кеңiрдек.
Ұры менен қары көп,
Ұлағатты кәрi жоқ,
Менменсiген немелер,
Менен аулақ, әрi кет!
Хан қасында – қасабы,
Жамбасында жасағы.
Екi иықты күнi-түн
Бiр әбiлет басады...
Күнiң түссе жалдапқа –
Жамырарсың жан-жаққа.
Обал менен сауапты
Ойлайтұғын жан жоқ па?
Сенiмiм ең ең соңғы,
Серiгiм ең белсендi,
Көтерейiн еңсемдi,
Ей, Рухым, келшi ендi?!
Тiрiлт өлген денемдi!
Сал теңiзге кемемдi!
Кешiгетiн жөнiң жоқ,
Кел, Рухым, кел ендi!
Көкбөрiнiң ұрығы ек,
Көкке қарай ұлып ек...
Көкiрегiмнiң көбесiн
Көк найзадай тiлiп өт!
О, Құдiрет, Құдiрет!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу