Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
10.09.2022
162
ҚАБІРСТАН–ТҮРКIСТАН
Көкке Тәңiр иелi,
Жерде – қабір киелi.
Қабiрде ме, қапта ма
Хан Абылай сүйегi?
Кiмдер кетiп...
Кiм қалмақ?
Кiмдер мәңгi құл болмақ?
Қапқа түскен сүйектер
Қай базарда пұлданбақ?
Қас батырды жауда көр!
Бас хакiмдi дауда көр!
Тағы кiмдi сүйремек
Сүйек сатқан саудагер?
Жұрт оңа ма жұлқысқан,
Өздi-өзiмен қырқысқан?
Көз тiрiмде iргемдi
Кеулеп жатыр бiр тышқан...
Тас құлыпты ашқан кiм?
Хан сүйегiн шашқан кiм?
Асқан менен тасқан кiм?
Неге сонша мастандым?
Ел ұйқыдан тұрмай ма?!
Ес жиятын күн қайда?
Құдай бiздi бiр күнi
Тас төбеден ұрмай ма?
Рухыңды үрке ұшқан
Қақпайлаймын бiр тұстан.
Халiң сенiң не болар,
Қабірстан – Түркiстан?..
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter