Өлеңдер ✍️
АМАНАТ
Ұлым, менi «Кеңсайға» қойма, өтiнем,
Аулаққа да әкетпе әулетiмнен.
Әулекiлер,
шошытқан әлдекiмдер
Аруағыммен қауышам қай бетiммен?
Санатына, сапына сапарласып
Қай бетiммен жатпақпын қатарласып?
Жайлы жер де табуың қиын екен
Жау жармасып,
жатқанда жат арбасып.
«Көз көредi, – деген бар, – есiткендi...»
Өмiр қанша жұмбағын шешiп бердi...
О заман да бұ заман кiм көрiптi
Өлгендерге соншама өшiккендi.
Адам ата жаралған күннен берi
Өң-түсiме бұл сұмдық кiрген бе едi?
Iргелi елмiн дегенiң кiмге керек,
Қорым жайың қор болса iргеңдегi?!
Аруақты естен,
шығарған өлiктi ойдан
Жетпегiрге бiттi екен желiк қайдан?
Есенiне ел-жұрттың күмәнiм бар
есерiне ерiктi берiп қойған?!
Ерден ерiк,
ерiннен күлкi кеттi.
Заманыңа не дейiн түлкi беттi.
Ұжымақтан жай сұрап жатқам жоқ қой,
Ұлым, қабыл алғайсың бұл тiлектi.
Жүгенсiзге жүрегiм жүгiнер ме,
Тiрлiгiмнен түрiм бар түңiлерге.
Өлгендерге өлердей өшiккендер
Тыным берер деймiсiң тiрiлерге!?
Арманымды айтайын күн iлгерi:
Қоя гөрме «Кеңсайға», ұлым, менi.
Күндiз күлкi,
айрылдым түнде ұйқыдан
Қабiр қирап, құлпытас бүлiнгелi...
Қоя гөрме «Қеңсайға», ұлым, менi!..
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter