Өлеңдер ✍️

  10.09.2022
  99


Автор: Исраил Сапарбай

Абайымнан айырма, Абайымнан!

Абайымнан айырма, Абайымнан!
Безiп жүрмiн онсыз да талайыңнан...
Абайымнан айырсаң алда–жалда,
Аққуды атқан аңшыдан кәне, айырмаң?
Көктей өтiп өмiрдiң өткелегiн
Абайыма мен әлi көп келемiн.
Сөзiн салмай, көмбеге көзiн салған
Көкаттыны көлденең жек көремiн!
Жек көремiн аңшыны құс аулаған,
Аңшы бар деп шықпай ма кiсi ауладан?
Онсыз да аз ба ағайын айбозымды
Айтақырдан шығармай тұсаулаған?..
Мұңды дерсiң, мейiлi, жынды дерсiң –
Ақын бастар заманның күллi көшiн!
Мезгiлiнде бiр келер мерекемде
Менi iлмесең көзiңе, кiмдi iлерсiң?
Ақын сүйрер заманның көшiн алға!
Абай сөзi – хақ сөзi, есi барға.
... Мехнатымды менiң де, кiм бiледi,
Меңiреу, мешеу дүние кеш ұғар ма...
Абайымнан айырма, Абайымнан!
Безiп жүрмiн онсыз да талайыңнан...
Абайымнан айырсаң алда–жалда,
Аққуды атқан аңшыдан кәне, айырмаң?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу