Өлеңдер ✍️

  09.09.2022
  112


Автор: Ермұрат Зейіпхан

МҰҢ ҒҰМЫР

(Досхан Жолжақсыновқа)
Бір өзі кешелі мың ғұмыр,
Актердің ғұмыры – мұң ғұмыр.
Жанарлар, шырақтар аңдиды,
Сұрақтар, сынақтар сан қилы.
Өзгенің тәні мен жаны боп,
Өзгеше кешесің хал-күйді,
Қалғыса жамылып қалғиды,
Тәңірдің сыбыры ән-күйді.
Тілдесер, тілдесер азабы,
Үндесер, күндесер тозаңы.
Сахна – өзіңмен бірге –
Озары, жанымның тозары.
Бәрінде маңдайға жазады,
Базарлы күндер-ай, назалы,
Музаның қанатты пырағы,
Дәм-тұзың жоғары тұр әлі...
Домбыра күмбірлі күй кеуде,
Қасірет, қасиет тұрағы.
Айықпас – арбаған құмары,
Ғарып бас – торлаған тұманы.
Мен жұтқан тозаңдай – сор-бағым,
Мен жаққан бояудай – жолдарым.
Өзіңдей тәтті екен арманым,
Өзіңдей ашты екен толғағым.
Сен барда – менің бар болғаным,
Сен жоқта – менің жоқ болғаным.
Бір өзі кешелі мың ғұмыр,
Актердің – ғұмыры мұң ғұмыр.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу