Өлеңдер ✍️

ЖИЫРМА БЕС, ОТЫЗ БЕСІМ, АЙ-ХАЙ, АРЛАН!
Ер кезең, ерке кезең – Бұланай шың,
Биігін мекендейсің, құламайсың.
Жауыңды төбесінен сығалайсың,
Қыранды жете алмаған сынамайсың.
Ақ дерсің, қара дерсің – алшы асығың,
Алдыңнан жаяр өмір барша асылын.
Айбынын асырарсың қаншасының,
Қадірін қашырарсың қаншасының?
Домбырам – олай қақтым, бұлай қақтым,
Несіне жас дәуренде мұңаймақпын.
Ісім бар көкейінде мың айғақтың,
Мысым бар гүлі болған бұл аймақтың.
Домбырам – оң бұруалы, сол бұраулы,
Білмейді қалжырауды, қанжылауды.
Бұлдаман – өнерімнің ән-жыр алды,
Құндаман – қаны кеппес қанжығамды.
Өртеген сексеуілдің қызуындай,
Жастықтың айта берем, қызығын қай.
Бұланай – өзі болдым, мұзы болмай,
Кетпеспіз қадіріңді біз ұғынбай.
Тұрғанда айбатымды асырып далам,
Бет келсе тағдырға да ақырып қалам.
Жиырма бес, отыз бесім-ай-хай! Арлан!
Тайсалмай тасты толғап, от ұрттаған.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇