Өлеңдер ✍️
ЖОРҒА ДА ЖОРҒА, ЖОРТАТЫН КҮНДЕР
Қара бір тауды етектеп едім,
Қара да жорға жетектеп едім.
Асқақтап әнге салғаным – құрбым,
Жаныңа сенің жетед деп едім.
Қайырмасы:
Жорға да жорға, жортатын күндер,
Зорға да тізгін тартатын күндер.
Оң қарап саған Тәңірінің көзі,
Тағдырдың өзі қорқатын күндер.
Қара бір тауды етектеп едім,
Қара да жорға жетектеп едім.
Келіп тұр жиі дегенім – құрбым,
Жарқ еткен дәурен өтет деп едім.
Қайырмасы:
Ала бір тауды аралап едім,
Ала да жорға тағалап едім.
Ақ маңдай сұлу ағалап едің,
Ағалап мәңгі қала ма дедім.
Қайырмасы:
Көкше бір тауды сағалап едім,
Көкше бір жорға тағалап едім.
Көзайым көріп аялап едім,
Көктегі күнге балаған едім.
Қайырмасы:
Алтай бір тауды асамын дедім,
Аягөз жорға, қосағымда едің.
Аңсаудың шөлін басарым менің,
Алдыңнан, аға, тосамын дедің.
Қайырмасы:
Ұлы бір таудың ұларын көрдім,
Ұғылан да жорға пырағым болдың.
Ұяла басып құмарым келдің,
Құшағын жайған жұмағыма ендім.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter