file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  09.09.2022
  147


Автор: Райхан Ібінқызы

Аналарға мың сәлем

Бала, бала, бала деп,
Бала ойынан кетпеген.
Күні болмас маңдайдан,
Бала үшін тер төкпеген.
Мәпелеуде баланы,
Әке анаға жетпеген,
Аналарға мың сәлем!
От пен суға түссе де,
Балалардың қамы үшін.
Жібермеген аналық,
Қасиетті намысын.
Есі-дерті өзі емес,
Арналатын бала үшін,
Аналарға мың сәлем!
Жасы жүзге жетсе де,
Әдеп-иба кетпеген.
Сөлекет іс кезіксе,
Сөгіс айтып тектеген.
Бәлденбейді ешқашан,
Бітірсе де іс көптеген,
Аналарға мың сәлем!
Жаны ашып жарына,
Жабықтырмас көңілін.
От басына ой бөліп,
Мәнді өткізген өмірін.
Зерікпеген баулудан
Тентектердің небірін,
Аналарға мың сәлем!
Берекенің ұйтқысы,
Сыйластығы сыйымды.
Қырпу ғұрлы көрмейтін,


Кездесетін қиынды.
Құт-береке қолында,
Зая етпейтін тиынды,
Аналарға мың сәлем!
Сый көрсетіп үлкенге,
Қамқор болған кішіге.
Әр адамның көңілін.
Таба білген түсіне.
Дән риза болатын,
Барлық адам ісіне,
Аналарға мың сәлем!
Аналарға мың сәлем!
Адамзаттың асылы.
Өздеріңмен мақтанып,
Ой-қиялым тасыды,
Бастарыңа бақ берсін,
Мына даму ғасыры!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу