Өлеңдер ✍️
Асыл арман
Таң шеті құлан иек сөгілгенде,
Сол түнде ілмеген бе, көз ілген бе?
Адамды сергек сезім жетелейді,
Нышаны жақсылықтың сезілгенде.
Қандай сезім мазасыз жетелеген,
Мол қарызы бар ма екен өтелмеген.
Асығыс жету үшін дайындалды,
Жол жақсы тартамын деп төтеменен.
Сексеннің сеңгіріне жасы жеткен,
Жеті мүшел қалды артта басып өткен.
Жастықтың жалындаған кезеңінде,
Бірі еді қайраттының тасып өткен.
Бұрынғы мығым қайрат жалын қайда,
Қайтадан оралар ма жалынғанға.
Кейде ақаң сол бір кезі еске түссе,
Көзіне жас алатын сағынғанда.
Ойда жоқ шаршағаны, шалдыққаны
«Жетемнен» басқа ойында бар ма ұққаны.
Дегбірсіздік қоздырды делебесін,
Даусының бөгеу болмай қарлыққаны.
Өзінің өзі сеніп талғамына,
Шығардай бір биіктің талғарына.
«Жүрейік аялдамай, балам» деді,
Шоферға тілдескіні жалғады да.
Шофер жігіт тілдескі қабылдаған,
«Атамыз еді ежелден сабырлы адам.
Егер тілін алмасам кінәлімін,
Бұйрығына жөн болмас бағынбаған»
Деді де аялдамай барды жетіп,
Жүруге алыпты қарт әбден бекіп.
Баркөлден Үрімжіге жүріп кетті,
Желтабан ақ тұлпарды дүрілдетіп.
Жол қалды бастап тағы шалғайланып,
Арманға асыл үміт жалғайды анық.
Зәулім бина ну орман қалып жатыр,
Таңырқап келеді қарт таңдай қағып.
Суыт жүріс, болмады аялдауы,
Ауылдар көрінбейді таяудағы.
Бір мезет үнсіздіктен зерікті ме,
Қарт былай кешірмесін баяндады:
Біліп ал, балам, мынау өскен жерім,
Денемнен шаранамды шешкен жерім.
Балалық албырт сезім ала қашып,
Әу баста ештемені ескермедім.
Өткенін есіме алсам мына жердің,
Тағдыры қиын еді туған елдің.
Ауған ел аш-жалаңаш, үркін-қорқын,
Алдында жетпіс жылдың көзбен көрдім.
Ол кезде жер де тақыр, ел де тақыр,
Орнаған ел басына заман ақыр.
Айырылып ел-жұртынан панасынан,
Өзіңдей азаматтар қалған қапыл.
Солардың мен де бірі сор айдаған,
Жақсылық қайда дейсің қолай маған.
Тентіреп телім-телім тозып жүрдік,
Ол кезде солай заман, солай заман...
Бұл заман айтпасам да анық саған,
Оқысаң ұғындырар тарих бабаң.
Гұңчандаңның арқасы бұл күніміз,
Мың жыл жазсаң таусылмас алып қалам.
Ризамын бүгінгі бұл заманаға,
Айтып жүрмін үлкенге, балаға да.
Жеті қат жер мен көкті араласа,
Осындай бақытты адам таба ала ма.
Деді де айтарын қарт аяқтады,
Барар жер дегеніне таяп қалды.
Не жұмысқа соншалық асықтыңыз?
Деп шофер сөзін жалғап сабақтады.
Мен айтайын жөн, балам, сұрағаның,
Айтпай қалай жөнімді тұра аламын.
Сабырымды тауысып сағынышым,
Шөберемді көрсем деп шыдамадым.
Шөберем ертеңіме жалғайтұғын,
Қанатым биікке ұшар самғайтұғын.
Жарамды бір ұрпағым боса екен деп,
Қол жайып ақ батам бар арнайтұғын.
Хабар алып тұрсам да хал жайынан,
Жете алмадым елімнің шалғайынан.
Туғалы көрмеп едім, аңсай бердім,
Тинамдай иіскейін деп маңдайынан.
Сарығым басылар деп сонда ғана,
Асыққаным сол еді жолда жаңа.
Шөберем бар, отауым анау менің,
Сол үйге апар мені құда бала!...
Бұл не деген керемет сезім еді,
Айтуға тіл жетпестей сезіледі.
Сексен бесте іздеген шөбересін,
Мұндай қарт ілуде бір кезігеді.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter