Өлеңдер ✍️

  07.09.2022
  101


Автор: Ахат ӘШУҰЛЫ

Ілмегіне айдың ілініп иектен...

Ілмегіне айдың ілініп иектен,
Салбырап сұлбам іңірде жиектен.
Қабырғамды сөгіп ғаламды құштым,
Қызғандым бәлкім үңілген ниеттен.
Аспанға жасым жұлдыз боп тамды,
Қисапсыз жағып түнгі ізгі оттарды.
Күрсінісімнен жүрегім жарылып,
Мынау ғаламға шың-құз боп қонды.
Көзімде теңіз, теңселді таулар,
Еркіндік ессіз еңсемді жаулап.
Тас төбеме жерді көтеріп тұрмын,
Саусақтарымнан жан терім саулап.
Кеудеме билігін алса мұң орнатып,
Ізімді жатыр қанша құм жоғалтып.
Басымды лақтырып,
Орынына әкеп
Аламын сосын жер шарын орнатып…
…Сорым қайнасын…



16қазан 2007ж.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу