Өлеңдер ✍️
Құтқарушы
Ұлым Ақберенге
Таса тағдырға таңылған шағымда,
Қу томарларға шалынған шағымда,
Сарсаң күндерде сабылған шағымда,
Ие бола алмай жарымжан сабырға,
Сұмдықтар шапқанда тамырдан тамырға,
Құтқарушы болып сен келдің.
Тұлды ғаламнан түңілген кезімде,
Мұңлы молаға жүгірген кезімде,
Опасыз ортаның үңілген көзінде,
Сезім мен сенімнен сүрінген кезімде,
Майырылған қанжардай бүгілген кезімде,
Құтқарушы болып сен келдің.
Қомағай қоғамнан құсылған шағымда,
Өз асымнан өзім ұшынған шағымда,
Байтақ өлкеден пана таба алмай,
Өз Отанымда өзім қысылған шағымда,
Құтқарушы болып сен келдің.
Өзің келіп ұлым ұмыттым бәрін,
Ең алғаш таттым тұнықтың дәмін.
Қылығыңа қарап сыр ұқтым жаным,
Омалған ойдан оянған кезімде,
Әлемнің көрдім тек маған қарап
Сәби езумен күліп тұрғанын!!!
11 наурыз 2006ж.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter