file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  07.09.2022
  123


Автор: Ахат ӘШУҰЛЫ

Түңілу

Сора боп көзімнен сорым шығып тұр,
Жалғандық жанымның жонын тіліп кіл.
Масылдық мазамды мәңгүрттендіріп,
Қорлық кеп қолқама қолын тығып тұр.
Өкініш кептіріп өкпемді керуде,
Мұратым өлді көктемнің белінде.
Арманым аспай алты қырқадан,
Жығылдым келіп жеткен бір жеріме.
Сағыныш кетті сағымға айналып,
Үмітім өшті жағым байланып.
Ғашықтық жырын салуды қойдым,
Күндерім тартыстың шағына айналып.
Сезім мен сенім – қатар өлген ол,
Көзім қапталған қатал шелменен.
Санамның сабыры сарқынға айналып,
Кепкен терідей жатам шөлде мен.
Қаңбақтай боран қуған ғұмыр - ай,
Жалғанға сенген, шынға бұрылмай.
Бақыт пен шаттық ұрқымен құрып,
Жаныма қойды мұң да жуымай.


Өртеніп барып өшуде күндер,
Еш нәрсе қалмай есімде мүлдем.
Бесіктен белім шықпаған кезде,
Көшіп кетсемші бесік жеріме...



3 мамыр 2004ж.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу