Өлеңдер ✍️

  07.09.2022
  297


Автор: Толқын Қабылша

КӨЗІМНЕН ҮНСІЗ СҮЙІП КЕТ!

Аңсардың жанды алдамайтынын,
Арбамайтынын, ұғындыр!
Арманның мезгіл талғамайтынын,
Естімеп пе едің бұрын бір?
Қолымнан ұстап, ұғындыр маған,
Өмірдің жалған емесін.
Көктемнің жалқы кешінде қалған,
Құшайын Тәңір елесін.
Көзіңмен көзім кездессін, күліп,
Көркем бір баққа енейін.
Қарашығыңмен тілдесіп тұрып,
Бақытқа бір сәт сенейін.
Қайтадан саған ғашық болайын,
Кешіккен сол бір көктемдей,
Ғұмырда мынау тасып-толайын,
Бар менен жоққа кектенбей.
Шаттықтың күйін толғап қалайын,
Шашымнан өбсең, иіскеп.
Түсім екен деп ойлап қалайын,
Көзімнен үнсіз сүйіп кет!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу