Өлеңдер ✍️
НӘБИ АЙМҰРАТОВҚА
Көзін тігіп,
көркіне құбыланың.
Мұңлы әуенге салады ғұмыр әнін
Ән келеді құлаққа, Нәби үні
Сәулесіндей жап-жарық шұғыланың.
Ән келеді,
алыстан алып-ұшып
Нәби үнсіз шерткендей сағынышын.
Ақ маңдайы жарқырап ғайып болған.
Сағым жылға ұласқан сағынышым...
Көк тәңірдің әмірі –
тылсым, бірақ...
Күйзеле бер, күңірен,
күрсін, жылап.
Жақсы адамды ана жақ күтеді екен,
Жер бетінде пендесін үнсіз сынап.
Жазмыш. Тағдыр.
Жарқ еткен жасын ғұмыр.
Жаратқанға асыққан асыл ұлын.
Жоқтау айтып іздейді Сыр анасы.
Жалған күннің елемей тасырлығын
Сейілсін деп қою мұң, қара тұман,
Жайсаң еді,
ән болып жаратылған.
Қапияда көкке ұшып кетті ме екен?
Періштенің нұр көріп қанатынан.
Нәби үміт,
Нәби ән,
Нәби арман.
Өнерлі еді, өзгесін тани алман.
Аңқылдаған жан көрсек, елеңдейміз
Кенет күліп шығардай Нәби алдан.
Нәби ме бұл,
жо-жо жоқ, мүмкін елес...
Фәни жолын кім енді мүмкін демес?
Ән боп қайта оралды арамызға
Нәби тірі.
Қалғаны мүмкін емес.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter