Өлеңдер ✍️

  07.09.2022
  136


Автор: Толқын Қабылша

Керегі жоқ!

Керегі жоқ!
бұл шындықты айта көрме, жек көрем!
Шындық қымбат деген сәттер,
төгіппін ғой, текке өлең.
Өтірігім қайда менің, өзім ғана сенетін,
Өзімді-өзім бақытты еткен, өзге ешкімге өтпеген?
Керегі жоқ!
Бұл шындықтың түбіне ешкім жетпеген,
Шырылдаған жан жүрекпен, шыңырауға беттегем.
Шаранадай жаңа туып, жалғыз қалған әлемде,
Өзегімді осқылаған, өкінішке кектенем.
Талқан етіп,
тағдырымның тал-терегін құлатқан,
Тәңіріме тіл тигізіп, танымастай жылатқан,
Тас жүректі шындығымның, түңілген сәт жүзінен,
Тәнті еткен өтірікті, өліп-өшіп ұнатқам.
Жалғандықпен жанасты деп,
жаза бассам, сөкпегін!
Керегі жоқ, кей шындықтың, керегі жоқ өкпенің.
Жалғандығы жаханнамнан жақын тұрған әлемде,
Ертеңім боп елжіреткен, үміттерім көп менің.
Үміттерім,
ұлы арманға, ұлағатқа бастайтын,
Үр қызындай, ұяңдығы, үмітсізді жасқайтын.
Күмілжіген кей күдіктің кенезесін кептіріп,
Кедергісін қу тірліктің құла дүзге тастайтын.
Ғұмыр барда, махаббат бар, ғадауат бар және де!
Ғаділет бар ғашықтарды жеткізетін мәреге.
Ғасырлардың қойнауында жасырынған шындықтан,
Аңыз болған арман қымбат,
ал, өзгесі дәнеме...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу