Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
07.09.2022
121
ГҮЛДЕРІМДІ ЖҰБАТШЫ
Сынық гүлге сыр айтасың, жасырып,
Жыр жазасың, жапырағын аялап.
Тәңір төккен тамшыларға бас ұрып,
Тылсымыңда түрленеді сая бақ.
Армандары аспанменен астасқан,
Сенің жаның, сансыз гүлдің әлемі.
Күлтелері көбелекпен достасқан,
Сол гүлдердей, жаның неткен әдемі.
Сыйланбай-ақ, тыныстасын кеудеңде,
Бағбанысыз, ол гүлдерге қонар мұң.
Сен ұсынбас, жауқазындай шерменде,
Гүлзарлардың көлеңкесі боп алдым.
Тым болмаса, иіскейін жұпарын,
Жүрегіңмен сол гүлдерді, бапташы.
Мына ауаны өзің бар деп жұтамын,
Ғұмыр гүлін, ажалынан сақташы!
Жапырағы мейірімге шөлдеген,
Қауызында арман қалған тым нәзік.
Сол гүл барда, мен тірімін, өлмегем,
Гүлдерімді жұбата бер, жыр жазып.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter