Өлеңдер ✍️

  07.09.2022
  134


Автор: Толқын Қабылша

АЙТЫЛМАҒАН СӨЗДЕР, БӘЛКІМ, ҚҰНДЫРАҚ...

Айтылмаған сөздер, бәлкім, құндырақ,
Ашылмаған сырлар, бәлкім, сиқырлы.
Неге ендеше, күн құлазып,
түн жылап,
Жұлдыз біткен ұрлап алды ұйқымды?
Талай күндер тіл қатуға оқталып,
Сағынышты тұсауладым неше мен?
Кеуде тұсым жарылуға шақ қалып,
Жүректегі құрбан болды неше өлең?
Біз ғұмырды түгесерміз төзіммен,
Сырт көздерге мен ақылды, сіз дара.
Мен жасқанып, сіз үркіген сезімнен,
Шуақ тосып, күмілжитін күз ғана.
Тағы келем, үнсіз сүйіп атыңды,
Біз кездейсоқ кезікпейтін көшемен,
Кеудемдегі жолданбайтын хатымды,
Жанардағы жеткізер деп осы өлең...
Айтылмаған сөздер, бәлкім, құндырақ.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу