Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
07.09.2022
114
МЕН КӨКТЕМДІ САҒЫНДЫМ
Мен көктемді сағындым, көктем мені.
Күннің көзін сағындым,
өбкен мені…
Бәйшешегі бүр жарып жүрегімнен,
Қызғалдағы құлпырған көк белдегі.
Сол бір қызды сағындым көктемдегі!
Дала исін сағындым, лала гүлін,
Жанарымда жалт етті бала күнім,
Қимастықпен қыратқа қарадым мың…
Көктемімдей күнәсіз қанша арманның,
Сағынышын сездірді қала бүгін.
Менің нәзік күлкімдей сыңғыр қаққан,
Еркелігім естіліп көк бұлақтан.
Көктем болып оралса, арман күндер,
Жылдарымдай жанымнан сырғып аққан,
Қол бұлғаса, бір үміт түнгі бақтан.
Мен көктемді сағындым, көктем мені.
Біздер кейде сұраймыз Көктен нені?!
Жұпар аңқып даласы әлем жатыр,
Ғажайыбын ұсынып көк белдері.
Сол бір қыздай кінәсіз көктемдегі,
Күн сәулесін сағындым, өбкен мені.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter