Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
07.09.2022
104
ҒҰМЫР ҚАЛАЙ ШЫРҒАЛАҢ?
Мұншама ауыр болар ма еді күзгі өлең?
Көңіл мынау,
бір үмітті үзбеген.
Сәттер ғайып «біз» деген.
Жүрегімді жұбата алмай отырмын,
Ғұмыр бойы.
Бір бақытты іздеген.
Алып-ұшып,
айта алмаған сыр маған,
Күндер өтті, шаттығымды ұрлаған.
Жолдар қалды бұрмалаң.
Шарасыздың күлкісімен жымиған,
Ғұмыр қалай шырғалаң?
Жалғандықтың әлегіне сенбеген,
Жазмышының әміріне көнбеген.
Сан суықта өлмеген.
Жүрегімде бір гүлім бар, қайтейін,
Мейірімге шөлдеген.
Өмір, бәлкім, бәзбіреуге шын сынақ.
Өзекте жыр,
көзімде мұң тұнжырап.
Көңіл қалай тыншымақ?
Қарашықта сол баяғы сағыныш,
Жүрегімде сол сұрақ.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter