Өлеңдер ✍️

  07.09.2022
  128


Автор: Толқын Қабылша

ЖАЛҒЫЗДЫҚ, СЕНБІСІҢ СЕБЕПШІ?

Ақтүтек боранын ақпанның,
Ақшұнақ аязын ақ қардың,
(Елемей, қысқы бақ ішінде)
беймаза пішінде,
Өктемсіп қар кешіп келемін,
Өзекте өрт болған өлеңім.
(Жаураған сезімді жоқтар кім?)
Мысқылдап барады мосқал күн.
Қар асты,
Тастанды жапырақ,
Мен сүйген сезімнің отын ап,
(Келгендей жылынып алғысы,)
О, тоба,
Дәл осы халде жүр сан кісі.
Қайда екен сезімнің Тәңірі?
Мезгілге жүрместей әмірі,
Күмілжіп қарайды атырап.
Жоғалтқан,
ақыл-ой сананы,
Жәудіреп жүректер жанары,
Ақталып әлдене демекші.
Кейпіндей құлазып бақтардың,
Баз кешіп кетуге оқталдым,
Бұларға бір бақыт керек шын?!
Қайғысын жеңіске балаған,
Дәл осы күйде ме сан адам?
Жалғыздық,сенбісің себепші?
P.S.:
Қиқулап, жылаған құс білем?
Жоғалтып ең ұлы уақытты.
Жалғыздық!
Сен неткен сұсты ең?
Ендеше, мен неткен бақытты!!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Комментарии

Әли
Әли 23.11.2022 16:14
Жалғыздық сен неткен сұсты ең?! ...Керемет! Астарлы!

Пікір жазу