Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
07.09.2022
216
«СЕЗБЕЙСІҢ СЕН»
Сезесің бе?
Сенің ғана көзіңнен,
Жалын көргем, өн бойымнан сезілген.
Бір-ақ сәтте бар күдігім сейіліп,
Жанымдағы қайғы біткен көз ілген.
Сездің бе, сен?
сенің ғана көзіңнен.
Бір алапат құштарлықты сезінгем.
Ғайып болып, ең бақытсыз күндерім,
Жылап тұрып, жазмышымнан безінген.
Сезіндің бе?
сенің ғана көзіңнен,
Тіл жеткізбес мейірімді сезінгем.
Сарсаң қылған сан мехнатты еңсеріп,
Мен қайтадан қауышқанмын төзіммен,
Сезермісің?
Мына ғұмыр, шырайлы,
Сенің адал кескініңмен ұнайды.
Сенің көзің, сені көрген сәттерім,
Бақытымның бар болмысын құрайды.
Сезбейсің сен,
Сен ұғынбас әлемде.
Сені ғана арқау етем өлеңге.
Сені ғана жан-тәнімен аңсаған
Сағынышым, сен сыймайтын көлемде.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter